Ақылы батаның ақшасы қайда түседі?
Тележүргізуші Динара Сәтжан әлеуметтік желіде өзін ауыр сөздермен қорлаған ақтөбелік емшіге қатысты заң аясында шара қолданатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мәселемен адвокаты айналысып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол Бағдагүл атты емшінің қаншалықты заңды жұмыс істейтінін тексертпек. Осыған байланысты Ақтөбе облысының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне (ДЭР) сұрау жолдайтын болды.
«Ақылы батаның ақшасы қайда түседі? “Каспиіне” ме? Әлде күйеуі мен ұлының шоттарына ма? Ол салық төлей ме? Адам емдеуге лицензиясы бар ма? Ақылы бата беріп, сынық салып, киелі заттар сатып, адам емдеп, бірнеше бизнес ашып, бірнеше мүліктерді, көліктерді туған-туысқандарына сыйға тартатындай ол батаның ақысы қандай? Соншалықты батадан миллиондаған ақша табуға бола ма?», — деп жазды Динара Сәтжан.
Батасы заңды патенттелген бе? Киелі заттар дегені не? Оның патенті бар ма? Желілік бизнестердің БАД-тарын халыққа ем үстінде сатуға құқығы бар ма? Бұл заңды ма? деген сауалдар тастады.
«Өзі ауырып халықтың қалтасынан ақшасын қағып алып, БАД-тарын “оқылған дәрі” деп ауру адамға сату қаншалықты дұрыс, қаншалықты әділетті? Халыққа жанашыр, патриот адамның әрекеті ме? Неге ол халық арасына бүлік салады? Қазақша сөйлемесеңдер көтеріліске шығайық деп неге әлеуметтік желіде халықты арандатқысы келеді? Ауыз өзімдікі екен деп неге елдің бәрін қорлайды? Маған да “шлюха” деп тіл тигізді. Бұл — жария түрде қорлау», — деді блогер.
Ол емшінің әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 131-бабы, қорлауға жататынын ескертті.
«Неліктен мен туралы жалған ақпарат таратып, адамдарды адастырады? Мені мемлекеттік жобалардан ақша алады деп айтыпты. Ал, менің мемлекеттен бір тиын да алмағаным, ешқандай мемлекеттік тендерлерге қатыспағанымды оп- оңай дәлелдеуге болады. Барлығы ашық ақпарат көздерінде тұр. Бұл мәселелермен менің адвокатым @rena_kerimova айналысып жатыр. Біз Ақтөбе облысының полициясына арыз жаздық. Ол Заң аясында барлық іс-әрекетіне, айтқан сөздеріне жауап береді. Бұл бейберекетсіздікті тоқтататын уақыт келді», — деп ашуланды Динара Сәтжан.