20.05.2026, 01:30

«Әкем өлгенде өмірімізге қауіп төнді»: Әли Оқапов неге тегін 3 рет ауыстырғанын айтты (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

"Анамыз бізді қорғау үшін Мәди екеуіміздің де фамилиямызды Рымбаев деп ауыстырды". 

Атақты әнші Роза Рымбаеваның ұлы, әнші Әли Оқапов өз сұхбаттарының бірінде отбасы өміріндегі көпшілік біле бермейтін жайт туралы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі өмірінде тегін бірнеше рет өзгерткенін жасырмады. Оның айтуынша, алғашында Оқапов фамилиясымен дүниеге келген. Кейін белгілі бір кезеңде Әли Тасқынұлы есімін қолданған.

Әли Оқаповтың сөзінше, әкесі өмірден өткеннен кейін отбасы қиын кезеңді бастан өткерген. Сол уақытта анасы балаларын қорғау мақсатында олардың тегін Рымбаев етіп өзгерту туралы шешім қабылдаған.

"Әкеміз қайтыс болғаннан кейін өмірімізде күрделі жағдайлар болды. Сол кезде анамыз бізді қорғау үшін Мәди екеуіміздің де фамилиямызды Рымбаев деп ауыстырды. Ол қандай жағдай болғанын айтқым келмейді. Оны жариялауға құқым жоқ", – деді әнші.

Кейін жағдай тұрақталған соң, Әли өзінің тегін қайтадан Оқаповқа өзгерткенін айтты. Ал оның бауыры Мәди Рымбаев Рымбаев фамилиясында қалған.

"Осылайша екі бала екі танымал адамның фамилиясын алып жүр", – деді ол.