22.05.2026, 12:20

«Тәтем өлген жоқ!» деп айқайладым»: Иманбаева анасының инсульт алған кезін еске алды (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

"Үйге келсем, көршілер жиналып көңіл айтып отыр екен".

Айгүл Иманбаева бала күнінде бастан өткерген ауыр кезеңдерін еске алып, анасының бірнеше рет инсульт алғанын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесінің сөзінше, анасы алғашқы инсультты небәрі 37 жасында алған. Сол кезде Айгүл бастауыш сыныпта оқып жүрген.

“Ол кезде бір реттік шприц енді ғана шығып жатқан уақыт. Темір шприцтер болатын. Дәрігер шақырып, ауылды жалаңаяқ аралап шприц іздеп кеткенім әлі есімде. Үйге келсем, көршілер жиналып көңіл айтып отыр екен. Баламын ғой, “Тәтем өлген жоқ” деп бәрін қуып шықтым”, – деді әнші.

Айгүл Иманбаева анасының жағдайын жақсарту үшін бала көңілімен түрлі әрекет жасағанын да айтты.

“Үйдегі мысықты қолына беріп, “Тәте, мына мысықты сипашы, басыңның ауырғаны қояды” деймін. Аузына қасықпен су құямыз, бірақ су қайта төгіліп кететін”, – деп еске алды ол.

Әншінің анасы ол кезде балаларының тым кішкентай болғанын айтты.

“Сұрай береді: “Апа, неге бұлай болды?” деп. Лаура 3-сыныпта, Айгүл 1-сыныпта оқитын”, – деді ол.

Сондай-ақ өнер иесі анасының екінші инсульт алған сәтін де еске алды. Оның айтуынша, сол кезде анасы ешкімді танымай қалған.

“Балам хабарласып, “Мама, тез келші, апам ешкімді танымай жатыр” деді. “Бәрі мені үйден қуып жатыр, үйді су алып жатыр” деп айқайлап жатқан. Сол кезде көлікті 180-200 жылдамдықпен айдап жеттім. Үйге жеткенше аяқ-қолым дірілдеп кетті. Кейін екінші инсульт кезінде жадын жоғалтқанын білдік”, – деді Айгүл Иманбаева.

Әңгімесін қорытындылаған әнші анасының мықтылығына тәнті екенін жеткізді.

“Сіздің мықтылығыңыз маған берілген ғой. Бірақ мен қазір әлсіз боламын деп шештім”, – деді ол.