22.05.2026, 16:40

«Бізді мүлде сыйламады»: Қазақстандық биші МОТ-тың концертінде билеуден бас тартты (ФОТО)

Коллаж: Sn.kz

"Менің командама жекіп сөйлеп, табалдырық аттаған сәттен бастап негативпен қарсы алды". 

Қазақстандық блогер әрі биші Aanelyin Threads желісінде ресейлік рэпер Моттың Алматыдағы концертіне қатысты жағдайды ашық айтып, ұйымдастырушылар командасын сынға алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

Блогердің айтуынша, оның командасы концертте өнер көрсетуі керек болған. Алайда дайындық барысында ұйымдастырушылар тарапынан көрсетілген қарым-қатынасқа көңілі толмағанын жеткізді.

«Мен бұл салада ұзақ уақыт жүрген адаммын. Концерттердің қалай өтетінін, ұйымдастырушылардың қалай жұмыс істейтінін білемін. Сондықтан қонақ болып келген жерде сыйластық болуы керек деп есептеймін», – деп жазды ол.

Aanelyin кейінірек Threads-та жариялаған тағы бір жазбасында жаңа аудиода сөйлеген адамның хореограф екенін атап өтті. Оның сөзінше, бишілерді сахнаға шығару концерт үшін «үлкен плюс» болғанымен, команда тарапынан «түсініспеушілік болды» деп ашық айтуға ешкім батылдық танытпаған. Сонымен қатар блогер кейбір желі қолданушыларының «шетелден келген адамдардың сөзін көтере алмай қалдың ба?» деген сынына да жауап берді.

«Менің командама жекіп сөйлеп, табалдырық аттаған сәттен бастап негативпен қарсы алуы – менің сол сахнада билемеуіме алып келді», – деді ол.

Aanelyin кәсіби тұрғыдан ешқашан жұмысын аяқтамай кететін адам емес екенін, алайда бұл жолы мәселе принципке айналғанын жеткізді. Айта кетейік, ресейлік орындаушы Моттың концерті Алматыдағы Almaty Arena-да өткен.