Мадлен кешке қырғызстандық танымал дизайнер Арзубек Вонама әзірлеген сәнді қара көйлекпен келген.
Қазақстандық блогер-миллионник Мадинахон Мамадалиева, көпшілікке Мадлен есімімен танымал инфлюенсер, Каннда өткен қайырымдылық кешінде әйгілі голливуд актрисасы Ева Лонгориямен кездесті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Блогер Франциядағы Канн фестивалі аясында ұйымдастырылған Global Gift Gala қайырымдылық кешіне қатысқан. Осы шара барысында ол «Отчаянные домохозяйки» сериалы арқылы әлемге танылған актриса Ева Лонгориямен жүздескен.
Мадлен кешке қырғызстандық танымал дизайнер Арзубек Вонама әзірлеген сәнді қара көйлекпен келген. Блогер дизайнермен бірнеше жылдан бері бірге жұмыс істейтінін айтты.
«5 жылдан бері мен оның музасымын. Барлық ең жарқын көрсетілімдерін алғаш болып мен ашамын. 2022 жылы оған алғашқы Канн фестиваліне тек оның образдарымен барамын деп уәде берген едім. Уәдемде тұрдым», – деп жазды Мадлен.
Блогер Ева Лонгориямен бір дастарханда отырған сәтін ерекше әсермен бөлісті.
«Менің сүйікті Габиім! Біреу мені шымшып жіберсінші. Онымен бір үстелде кешкі ас ішкеніме әлі сенбеймін. Бала күнімнен теледидардан қарап өскен адамым дәл жанымда отырды. Оның сұлулығы мен энергиясына кеш бойы сүйсіндім.
Өте нәзік, жарқын әрі жылы жан екен. Мұның бәрі өңімде болып жатқанына сену қиын болды», – деді ол.
Мадленнің айтуынша, бұл шара сән мен салтанатқа ғана емес, маңызды әлеуметтік мәселелерге де арналған.
«Global Gift Gala – қиын жағдайдағы әйелдер мен балаларға қолдау көрсетуге бағытталған қайырымдылық кеші. Осындай мағыналы шараның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Бұл мүлде басқа деңгейдегі кеш болды», – деп түйіндеді блогер.