30.05.2026, 21:30

«Мөлдір мен Балжансыз-ақ керемет өтті»: Кешьюдің 20 жылдық концерті желі талқысына түсті (ВИДЕО)

Коллаж: sn.kz

Концерттен кейін кей көрермендер топтың қазіргі құрамына қатысты пікір білдіріп, дәл осы кеште олардың жаңа қырынан ашылғанын айтты.

KeshYOU тобының 20 жылдық концерті әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Концерттен кейін кей көрермендер топтың қазіргі құрамына қатысты пікір білдіріп, дәл осы кеште олардың жаңа қырынан ашылғанын айтты.

«Мөлдір мен Бидаш болмай қалғаны жақсы болған сияқты. Осы жағдай соңғы құрамды өте күшті ашып жатыр. Соңғы құрамның жұлдызы жанған сәт сияқты», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Айта кетейік, KeshYOU тобының 20 жылдық мерейтойлық концерті — қазақстандық поп-музыкадағы ең ірі оқиғалардың бірі. 2026 жылдың 29 мамырында Орталық стадион алаңында өткен бұл кеш топтың жиырма жылдық шығармашылық жолын қорытындылаған ерекше шоу ретінде ұйымдастырылды. 

Концерттің басты ерекшелігі — топтың әр кезеңінде өнер көрсеткен танымал әншілердің бір сахнада бас қосуы. Көрермендер топтың ең танымал хиттерін жанды дауыста тыңдап, әр жылдардағы құрамдарды қайта көру мүмкіндігіне ие болды. Әсіресе Жанар Дұғалова, Кәмшат Жолдыбаева және Айдана Меденова сияқты бұрынғы солистердің қатысуы жанкүйерлер үшін үлкен тосынсый болды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерейтойлық кеш тек концерт емес, бірнеше буынның жастық шағымен байланысты музыкалық тарихтың көрінісі болды. Бағдарламада топтың ең танымал әндері орындалып, заманауи жарық, экран және сахналық қойылым элементтері қолданылды. 

2006 жылдан бері KeshYOU қазақ эстрадасындағы ең танымал қыздар топтарының бірі ретінде қалыптасып, көптеген хит әндер мен жарқын орындаушыларды тыңдарманға танытты. Сондықтан 20 жылдық концерт тек топтың мерекесі емес, қазақ поп-мәдениетінің маңызды кезеңдерін еске түсірген ерекше музыкалық кешке айналды.