03.06.2026, 11:40

«Әйелім мені сындырмады»: Мейіржан Төребаев түрмеде өткен жылдары жайлы (ВИДЕО)

Коллаж: SN.kz

“Түрменің терезесінен сыртқа қарап отырып, өмірдің сенсіз жалғасып жатқанын сезесің". 

Жақында бостандыққа шыққан вайнер әрі блогер Мейіржан Төребаев “Отец” подкастында түрмедегі өмірі, отбасыға деген сағынышы және еркіндікке шыққаннан кейінгі сезімі туралы ашық айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мейіржанның сөзінше, осы қиын кезеңде жұбайы Дана оған үлкен қолдау көрсеткен. Ол әр кездесуге күлімдеп келіп, түрлі кітаптар әкеліп тұрған. Сонымен қатар үнемі “жақында шығасың” деп жігер беріп отырғанын айтты.

“Түрменің терезесінен сыртқа қарап отырып, өмірдің сенсіз жалғасып жатқанын сезесің. Жаңбыр жауып, адамдар тіршілігін жасап жатады. Сол сәтте терең ойға батасың”, – деді блогер.

Оның айтуынша, жұбайы балаларын түрмеге апармаған. Мұндай ауыр жағдайды олардың көрмегенін дұрыс санаған. Дегенмен балалары хат жазып, аналары арқылы жолдап отырған.

“Дана әр келген сайын балаларымның хаттарын алып келетін. Мен оларды қабырғаға іліп қоятынмын. Сол хаттар арқылы үйдің жылуын сезінгендей болатынмын. Балалар бәрін әлеуметтік желіден көріп отырды. Хаттарын оқыған сайын өзімді кінәлі сезінетінмін”, – деді ол.

Мейіржан бұл сынақтың өзіне көп нәрсе үйреткенін айтты. Бұрын мән бермеген қарапайым дүниелердің қадірін түсінгенін жеткізді. Сондай-ақ осы кезеңде жұбайын жаңа қырынан танығанын жасырмады.

“Әйелімнің мықтылығына таңғалатынмын. Өз жұмысын қатар алып жүріп, маған келуге уақыт табатын. Балаларға да, анама да қамқор болды. Жар таңдаудан жолым болды деп ойлаймын”, – деді вайнер.

Ол түрмеде оқыған кітаптарының ішінде отбасылық құндылықтар туралы еңбектер ерекше әсер қалдырғанын айтты. Блогердің сөзінше, жақындарыңнан жырақта жүріп, әр сәттің қадірін терең түсінеді екенсің.

Мейіржан бостандыққа шыққаннан кейін де біраз уақыт мазасыз күй кешкенін мойындады.

“Үйге келген соң да өзімді еркін сезіне алмадым. Кез келген уақытта қайта алып кететіндей қорқыныш болды”, – деді ол.

Сондай-ақ блогер балаларымен ашық сөйлесуге тырысатынын айтты. Оның сөзінше, балаға берілетін ең үлкен сыйлық – бірге өткізілген уақыт.

Мейіржан қоғамның өзі туралы пікіріне қатты алаңдамайтынын жеткізді. Ол үшін ең бастысы – отбасы мен жақындарының қолдауы.