Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген әлеуметтік желіде жеке өміріне қатысты тараған әңгімелерге жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі досы әрі әріптесі Расул Усмановпен бірге Instagram желісінде тікелей эфир өткізген. Эфир барысында оқырмандардың бірі әншіден “қызына қандай есім қойғанын” сұрады. Мұндай сауалды күтпеген Димаш әзілмен жауап берді.
“Не дейсіз? Қызыңа қандай ат қойдың? Айтыңызшы... Менің қызымды білсеңіздер, оның қайдан пайда болғаны маған да қызық”, – деді әнші.
Димаштың айтуынша, оның жеке өмірі туралы түрлі қауесет жиі тарайды. Кейбір жұрт әншінің отбасы мен балалары бар деп ойласа, енді бірі оған бірнеше әйел қосып қойған.
“Неге екенін білмеймін, адамдар менің отбасым, балаларым бар деп ойлайды. Тіпті бірнеше әйелім бар дейтіндер де кездеседі”, – деді өнер иесі.
Әнші қазір үйленбегенін және уақытының басым бөлігін шығармашылыққа арнайтынын айтты.
“Күні бойы студияда жұмыс істеймін, концерттерде өнер көрсетемін. Қазір де студиядамыз. Әзірге үйленген жоқпын”, – деді Димаш.
Сонымен қатар ол болашақта отбасын құрған күннің өзінде жеке өмірін көпшілікке жариялай бермейтінін жеткізді. Әнші бақыт тыныштықты сүйеді деп есептейді.