14.06.2026, 03:30

«120 килодай болдым»: «Шімән» апа образымен танылған актер неліктен арықтап кеткенін айтты

Фото: коллаж Sn.kz

Ең бастысы – мөлшерін білу.

«Шімән апа» образымен танылған актер Ерболат Төлегенов соңғы уақытта айтарлықтай салмақ тастап, көпшіліктің назарын аударды. Өнер иесі артық салмақтан қалай арылғанын журналист Анна Данченкоға берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Журналистің «Тез арықтауыңыз жұртты таңғалдырды. Тәттіден мүлде бас тарттыңыз ба?» деген сұрағына актер бүгінде бәрін белгілі бір мөлшермен тұтынатынын айтты.

«Қазір тәтті де жеймін. Былтыр жемейтінмін. Ең бастысы – мөлшерін білу. Мен диетологпен жұмыс істедім. Көп адам “қалай арықтадың, дәл соны істеймін” деп жазады. Бірақ әр адамның ағзасы әртүрлі, сондықтан біреудің әдісі екіншісіне сай келе бермейді», – деді ол.

Ерболат Төлегеновтің айтуынша, салмақ тастауға ол бірден емес, бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен кіріскен. 2009 жылы салмағы шамамен 120 келі болған актер 2011 жылдан бастап тұрақты түрде диета ұстап, біртіндеп 5-10 келіден арықтап отырған.

Сондай-ақ ол бір кезеңде үш ай бойы қатаң тамақтану тәртібін ұстанып, негізінен сорпа ішкенін, кейін көкөніс пен қайнатылған жұмыртқаны ғана тұтынғанын жеткізді. Осылайша екі айдың ішінде 20 келі салмақ тастаған.

Актер әлеуметтік желіде тараған «асқазанына ота жасатты» деген әңгімелерді жоққа шығарып, қазіргі таңда күніне жеті рет аз мөлшерде тамақтанатынын айтты.