Жобаның негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде Маңғыстаудың визит картасына айналған әлемге әйгілі Бозжыра шатқалы бекітілген.
Маңғыстау облысы әлемдік киноиндустрияның назарына ілікті. Аты аңызға айналған голливудтық және гонконгтық актер Джеки Чанның қатысуымен түсіріліп жатқан «Құдай сауыты 4: Ультиматум» халықаралық киножобасының алғашқы кадрлары жарық көрді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бүгін, 2026 жылдың 15 маусымында өңірдің қайталанбас табиғи ландшафттары аясында таспаланған эксклюзивті суреттер ресми түрде жарияланды.
Жобаның негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде Маңғыстаудың визит картасына айналған әлемге әйгілі Бозжыра шатқалы бекітілген.
Маңғыстаудың марсқа ұқсайтын борлы таулары мен теңдессіз табиғаты экшн-жанрындағы туындының атмосферасын аша түспек. Жобаны Қазақстан тарапынан Sәlem Entertainment медиакомпаниясы мен Dala edge Creative tech park креативті паркі ұйымдастыруда.
Ауқымды киножобаның басталуына байланысты Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай арнайы мәлімдеме жасап, аймақтың киноиндустрия үшін әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Маңғыстау киноиндустрия саласындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін бірегей бәсекелестік артықшылықтарға ие. Біз креативті экономиканы дамытуға, мәдени мұраны ілгерілетуге және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай.
2025 жылғы қыркүйек: Джеки Чан Алматы қаласына жеке бизнес-джетімен ұшып келді. Әуежайдан қазақы дәстүрмен шапан жауып күтіп алынған актер Шымбұлақ тау-шаңғы курортын аралап, Қазақстанды алдағы фильмінің басты түсірілім алаңы ретінде ресми түрде бекітті.
Фильмнің режиссері әрі трюктерді қоюшысы - қазақстандық Роберт Кун, ал сценарий авторы және басты рөлдердің бірін сомдаушы - танымал актер Рүстем Омаров.
Инсайдерлік мәліметтерге сүйенсек, ауқымды киножобаның түсірілім жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін толықтай аяқтау жоспарланып отыр.
«Құдай сауыты 4: Ультиматум» фильмі әлемдік үлкен экрандарға 2027 жылдың ақпан айында жол тартады деп күтілуде.