23.06.2026, 14:40

«Енді кімге сенім артамын, мәңгілік қорғаным?»: Нұрлан Өнербаевтың анасына арнаған жазбасы көпті жылатты

Фото: коллаж Sn.kz

Белгілі әнші Нұрлан Өнербаев жақында өмірден өткен анасын еске алып, әлеуметтік желіде тебіреніске толы жазба жариялады. Өнер иесі ата-анасының суреттерімен бөлісіп, көпшіліктің көңіл айтуы өзіне үлкен демеу болғанын жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әнші бүгінгі технологияның арқасында жақын жандардың бейнесі мен естеліктерін сақтап қалуға мүмкіндік бар екенін айтып, анасы мен әкесінің жарқын жүзін оқырмандарымен бөлісуді жөн көргенін жазды.

«Қайғы бөліссе азаяды» деген сөздің мәнін осындай сәтте терең түсінеді екенсің. Көңіл айтып, жұбату сөздерін жолдаған ағайын-туыс, дос-жаран мен әлеуметтік желідегі оқырмандардың шынайы тілектері жанға жеңілдік сыйлайды. Баршаңызға ақ ниетпен қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымды айтамын», – деп жазды Нұрлан Өнербаев.

Сондай-ақ ол анасына деген сағынышын жеткізіп, перзенттік парызын толық өтей алды ма деген ойдың мазалайтынын жасырмады.

«Түн ұйқыңды бөліп, ақ бесігімнің қасында отырып әлдилеген анашым, перзенттік парызымды өтей алдым ба, білмеймін. Енді бар дұғаммен, жүрегімдегі сарқылмас сағынышыммен ғана алдыңдағы борышымды өтеуге тырысамын. Жалғандағы жарығым, аналық ақ тілегіңмен тірек болған қорғаным едің. Енді кімге сенім артып, кімнен қорған тілермін?..» – деп тебіренді әнші.

Желі қолданушылары жазбаның астына көңіл айтып, Нұрлан Өнербаевтың отбасына қайғырып көңіл білдіріп, марқұмның иманды болуын тіледі.