Оның айтуынша, әуежайда 15-16 жастағы ірі денелі жасөспірім ата-анасының сөзін тыңдамай, айналасындағылардың назарын аударған.
Танымал блогер Ырысбала Икрамбай Стамбұл әуежайында ерекше қажеттілігі бар жасөспірімге қатысты жағдайға куә болып, өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, әуежайда 15-16 жастағы ірі денелі жасөспірім ата-анасының сөзін тыңдамай, айналасындағылардың назарын аударған. Блогер алғашында баланың диагнозы бар екенін бірден аңғармағанын жеткізді.
«Стамбұл әуежайынан қатты әсер алып қайттым. Жасөспірім бала ата-анасына бағынбай, оларды әбігерге салды», – деп жазды ол.
Ырысбаланың сөзінше, баланың анасы оның соңынан жүгіріп жүрген болса, әкесі айналадағы адамдардан кешірім сұрауға мәжбүр болған.
Бұл жағдайдан кейін блогер аутизм және даму ерекшелігі бар балалар мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Түркиядағы мамандар соңғы жылдары мұндай диагноз қойылатын балалар санының артқанын айтып отыр.
Сондай-ақ ол ерекше қажеттілігі бар балаларды ерте жастан қоғамға бейімдеудің маңыздылығын атап өтті.
«Мұндай балаларды қоғамға бейімдеп, қатарға қосуды ерте бастау керек. Ата-ана баласының дамуындағы қандай да бір өзгерісті байқаса, уақыт жоғалтпай мамандар көмегіне жүгінгені дұрыс», – деді блогер.
Жазба соңында Ырысбала Икрамбай әуежайда көрген оқиғаға қатты алаңдағанын айтып, бұл көрініс ұзақ уақыт бойы есінен кетпейтінін жеткізді.