Менің кішкентай жұлдызым!
Белгілі әнші Қайрат Нұртас пен актриса Жұлдыз Әбдікәрімованың ортаншы қызы Алау биыл мектепті тәмамдап, түлектер кешін атап өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Салтанатты шараға анасы Жұлдыз Әбдікәрімова қатысып, қызының қуанышты сәттерінен әсерлі бейнежазбаны Instagram парақшасында жариялады. Ол жазбасында қызына ақ тілегін арнап, жүрекжарды лебізін білдірді.
«Алауым мектеп бітірді. Менің кішкентай жұлдызым, өмір жолың әрдайым жарқын әрі бақытты болсын. Сен батыл, ерке, сүйкімді әрі сұлу жансың. Барлық асқақ армандарың орындалып, алдыңнан тек жақсылық жолықсын», – деп жазды актриса.
Желі қолданушылары да жас түлекке ізгі тілектерін жаудырып, жаңа өмір белесінде сәттілік тіледі. Көпшілік Алаудың есейіп, бойжеткен болғанына таңданысын білдіріп, анасы мен қызының ерекше сәтіне жылы лебіздерін арнады.
Сондай-ақ соңғы уақытта Қайрат Нұртастың жары мен енесі Гүлзира Айдарбекованың қарым-қатынасы туралы түрлі әңгімелер айтылып жүргенімен, продюсер бұл жолы да назардан тыс қалмады. Ол жарияланған видеоны жүрек белгісімен қолдап, немересінің қуанышына ортақ екенін аңғартты.