$ 485.4  550.69  6.41

«Барлық міндеттемемді орындадым»: Жұмабек Жанықұлов экс-жұбайына қатысты мәлімдеме жасады

Жұмабек Жанықұловтың айтуынша, құқықтық мемлекетте кез келген дау әлеуметтік желіде емес, сотта шешілуі тиіс.

Коллаж: sn.kz
Коллаж: sn.kz

Белгілі кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов бұрынғы жұбайының бейнеүндеуіне қатысты ресми пікір білдірді. Оның айтуынша, таңертеңнен бері журналистерден көптеген сауал түскен соң жағдайға бір рет нақты жауап беруді жөн көрген, деп хабарлайды Sn.kz ақпараттық порталы.

Жұмабек Жанықұловтың айтуынша, құқықтық мемлекетте кез келген дау әлеуметтік желіде емес, сотта шешілуі тиіс.

« Бүгін таңертеңнен бері журналистер бұрынғы жұбайымның бейнеүндеуіне қатысты пікірімді сұрап, үздіксіз хабарласып жатыр. Сондықтан болып жатқан жағдайға байланысты баршаңызға бірден ортақ түсініктеме беруді жөн көрдім.

Ең алдымен, біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды атап өткім келеді. Сондықтан кез келген дауды әлеуметтік желілер арқылы емес, заң аясында, сот арқылы шешуіміз қажет. Меніңше, қазіргі сот процесі жүріп жатқан кезде бұрынғы жұбайымның әлеуметтік желілер арқылы сотқа ықпал етуге тырысуы дұрыс емес. Дегенмен мен мұндай әрекетке сабырмен қараймын.

Иә, қазіргі таңда сотта оның талап-арызы қаралып жатыр. Ол үш жылдан астам уақыт бұрын өз қолымен қол қойған құжаттардың заңдылығына дау айтып отыр.

Қазір сотта дауланып жатқан құжаттарды әзірлеу барысында менің де, оның да мүддесін жоғары білікті заңгерлер қорғады. Барлық мәселе өзара келісім арқылы шешіліп, нотариустың қатысуымен қажетті құжаттардың барлығына қол қойылды. Сол кезде ешқандай келіспеушілік болған жоқ.

Алайда арада уақыт өткен соң оның ұстанымы өзгерген сияқты. Енді бұл өзгеріске құқықтық тұрғыдан қандай баға берілетінін сот шешеді.

Біз бірнеше жыл бұрын ажырастық. Сол кезде жасалған келісімдерде көзделген барлық міндеттемелерді толық орындап келемін. Сонымен қатар балаларымызбен қарым-қатынасым өте жақсы екенін ерекше атап өткім келеді. Мен оларды әрдайым қамтамасыз етіп, қолдап келемін және мұны алдағы уақытта да үлкен сүйіспеншілікпен жалғастыра беремін.

Сөз соңында осы тақырыпты хайпқа айналдырып, аудиторияның назарын аударуға тырысып жүргендердің барлығына үндеу жасағым келеді. Бұл, түптеп келгенде, адамның жеке өміріне араласу екенін ұмытпаңыздар. Маған мұндай жариялылықтың әсері болмауы мүмкін, алайда біздің балаларымыз бен жақындарымыз отбасы мәселесіне қатысты шамадан тыс назардың салдарынан ауыр күйзеліске ұшырауы ықтимал.

Ал асығыс пікір айтып, айыптауға бейім жандарға барлық мән-жай мен жағдайды толық білмей тұрып, өзгеге үкім шығармауға кеңес берер едім. Өйткені Уильям Шекспирдің:

«Өзгенің күнәсін айтуға сонша құмар болсаң,
Әуелі өзіңнен баста, сонда өзгені сөгуге уақытың да жетпейді»
, –

деген нақылында үлкен мән бар», – деді Жұмабек Жанықұлов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0