Алайда бұл жауап көпшіліктің күмәнін сейілте қойған жоқ.
Кәсіпкер Жұмабек Жанықұловтың бұрынғы жары Жанна Жанықұлованың мәлімдемесінен кейін қоғамда қызу талқылау басталды. Артынша кәсіпкердің өзі бұл айтылғандармен келіспейтінін мәлімдесе, енді оның қазіргі жары, журналист әрі тележүргізуші Динара Сәтжан да үнсіз қалмай, әлеуметтік желіде пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Еске салайық, бұған дейін Жанна Жанықұлова әлеуметтік желіде видеоүндеу жасап, 20 жыл отасқан жұбайының басқа әйелге кеткенін, бес баламен қалғанын және қазір ортақ мүлікке қатысты сот процесі жүріп жатқанын айтқан болатын.
Көп ұзамай Жұмабек Жанықұлов та мәлімдеме жасап, барлық мәселе заң аясында қаралып жатқанын жеткізді. Алайда бұл жауап көпшіліктің күмәнін сейілте қойған жоқ.
Осы жағдайдан кейін әлеуметтік желі қолданушыларының сыны Динара Сәтжанға да бағытталды. Бұған дейін оның парақшасындағы жазбаларға Жұмабек Жанықұловтың бұрынғы отбасына қатысты көптеген пікір жазылып, журналистен бұл мәселеге қатысты көзқарасын білдіру сұралған еді.
Ақыры Динара Сәтжан Instagram-дағы сторисінде өз ұстанымын жариялады.
«Қорытынды шығармас бұрын екінші тарапты да тыңдау керек. Оның да өз шындығы бар. Басқаның баласына қамқор болып, балаларға жатақхана салып берген адам өз баласына қарамай қояды деп қалай ойлайсыздар? Білмейтін дүниеге төрелік айтпаңыздар. Сыни ойлауды қосыңыздар», – деп жазды ол.