Пәтерімізді қабылдап алуға келдік
Отандық танымал әнші Алтынай Жорабаева Түркияның Алания қаласынан бизнес-класс санатындағы жаңа пәтер сатып алғанын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесінің таңдауы туристер көп келетін Махмутлар ауданында орналасқан Kingdom Premium тұрғын үй кешеніндегі үш бөлмелі пәтерге түскен. Бес блоктан тұратын кешен өңірдегі заманауи әрі жайлы тұрғын үйлердің бірі саналады. Бұл аудандағы пәтерлердің бағасы шамамен 185 мың доллардан басталады.
«Пәтерімізді қабылдап алуға келдік. Бұған дейін макетін көрсеткен едім. Көпшілік мұны Аланиядағы ең мықты бизнес-класс тұрғын үй деп айтады. Меніңше, тек Аланияда емес, бүкіл Түркиядағы ең үздік кешендердің бірі сияқты. Көптеген тұрғын үйдің фото-видеосын көрдім, бірақ Kingdom ерекше әсер қалдырды. Біз екінші қабаттан алдық. Тереземізден аквапарк көрінеді», – деді әнші.
Алтынай Жорабаева жаңа баспанаға қол жеткізгеніне ерекше қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, тұрғын үй кешенінде хамам, бассейн, супермаркет және басқа да тұрғындарға арналған қолайлы қызметтер қарастырылған. Әнші енді кең әрі заманауи пәтерін жиһазбен толық жабдықтауға тапсырыс бермек.