"Не айналаға тыныштық жоқ, не келінге тыныштық жоқ".
Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы Айман Талғатқызы әлеуметтік желіде өзіне бағытталатын жағымсыз пікірлерге қатысты ойын білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол қазіргі жастардың саналы әрі өзгелердің жеке шекарасын құрметтейтінін айтып, олардың өмірге деген көзқарасын жоғары бағалады.
«Қазіргі жастар өте ақылды, саналы. Біреудің жеке шекарасына кірмейді. Көздері ашық, көкірегі ояу. Өз ойларын саралай алады. Қай нүктеден қай нүктеге дейін бара алатынын және оған қалай жету керегін біледі», – деп жазды ол.
Сонымен қатар Айман Талғатқызы өзіне әлеуметтік желі арқылы жағымсыз пікірлер мен қарғыс жазатындардың басым бөлігі егде жастағы әйелдер екенін айтты.
«Маған негатив, қарғыс, ұятсыз сөздер жазатындардың 90 пайызы – апалар, енелер, құдағилар. Өздері кезінде таяққа, сатқындыққа, жоқшылыққа, амалсыздыққа көніп, енді ішіндегі тырналаған жарасының ащысын кімнен аларын білмей жүргендей», – деді ол.
Сондай-ақ ол кейбір үлкендердің әлеуметтік желідегі әрекетіне қатысты пікір білдіріп, олардың айналасына да, келіндеріне де тыныштық бермейтінін меңзеді.
«Балалары "осы тыныш отырсыншы" деп айфон әперіп қойғандай. Содан кімге не жазарын білмей отырады. Не айналаға тыныштық жоқ, не келінге тыныштық жоқ. Өзінің қателігін өзгеден көретін жандар да бар», – деп жазды Айман Талғатқызы.