03.07.2026, 14:40

«Үйі мен көлігіне қызықпадым»: Бақыт Тұрман Қайрат Әділгерейді не үшін таңдағанын айтты (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

"Ең маңыздысы – адамның өзі". 

Танымал әзілкеш Қайрат Әділгерейдің жары Бақыт Тұрман қыз-келіншектерге өмірлік жар таңдауда ең алдымен адамның жеке қасиеттеріне назар аударуға кеңес берді, деп хаарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесінің айтуынша, адам шын сүйген кезде ғана өмірдің қадірін толық сезіне алады. Ол бұл ойын жолдасы Қайрат Әділгерейді не үшін таңдағанын айтып түсіндірді.

«Қайратты таңдауыма әсер еткен басты себептердің бірі – оның тарихты өте жақсы білуі. Меніңше, тарихты терең меңгерген ер адам – ақылды адам», – деді әнші.

Сондай-ақ Бақыт Тұрман жігіттің үлкендермен қарым-қатынасы да өзіне ерекше әсер қалдырғанын айтты. Оның сөзінше, Қайрат жастармен ғана емес, жасы үлкен адамдармен де еркін тіл табысып, олардың әңгімесін ықыласпен тыңдайтын.

«Ол үлкендермен үлкен адамша сөйлесетін. Бұл – көрегендіктің, тәрбиенің белгісі. Үлкеннің сөзін тыңдап, одан сабақ ала білетін жігіттерді жиі кездестіре бермейсің. Маған дәл осы қасиеті қатты ұнады», – деді ол.

Әнші жар таңдауда материалдық дүниеге басымдық бермеуге шақырды. Оның пікірінше, үйі, көлігі немесе қымбат бренд киімдері бар жігітті емес, мінезі мен адамгершілігі жоғары азаматты таңдаған дұрыс.

«Ең маңыздысы – адамның өзі. Ақылды, еңбекқор, іскер, сөзінде тұратын және саған құрметпен қарайтын жігітті таңдаңыздар. Ең бастысы – сізді шын сүйетін адамды таңдаңыз. Шынайы махаббатты сезінген адам ғана "шын өмір сүрдім" деп айта алады», – деп түйіндеді Бақыт Тұрман.