Мерекелік кешке қазақ эстрадасының танымал өнер жұлдыздары қатысты.
Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы Мөлдір Мұқан отбасындағы үш бірдей маңызды оқиғаны бір кеште атап өтті. Салтанатты жиын әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, көпшілік балалардың әкесі Тұрсынбек Қабатовтың тойда көрінбегеніне назар аударды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мөлдір Мұқан үлкен қызы Әдемінің жоғары оқу орнын тәмамдап, диплом алуын, екінші қызы Айымның мектеп бітіруін және кенже ұлы Райымбектің сүндетке отырғызылуын біріктіріп, сән-салтанаты жарасқан мерекелік кеш ұйымдастырды. Балаларының өміріндегі айтулы сәттерді ерекше форматта атап өткен анаға желі қолданушылары жылы лебіздерін білдірді.
Мерекелік кешке қазақ эстрадасының танымал өнер жұлдыздары қатысты. Қонақтардың қатарында Сәкен Майғазиев, Алтынай Жорабаева, Жазира Байырбекова, Заттыбек Көпболсынұлы, сондай-ақ Райм, Ерке Есмахан және Қайрат Нұртас болды. Өнер иелері ән шырқап, ізгі тілектерін арнады.
Алайда әлеуметтік желіде жарияланған фото және видеолардың астында пікір қалдырғандардың бір бөлігі балалардың әкесі Тұрсынбек Қабатовтың мерекеде болмағанына қатысты сұрақ қойды. Көпшілік оның осындай маңызды күні балаларының жанынан табылмағанына өкініш білдірді.
Желі қолданушыларының бірі:
«Осындай қуанышта Тұрсынбек қастарында болмай ма? Балалардың көңілі үшін келуге болар еді ғой», – деп жазса, енді бірі: «Тұрсынбектің жоқтығы өкінішті екен», – деген пікір қалдырған.
Сонымен қатар, Мөлдір Мұқанның балаларына арнаған қамқорлығы мен еңбегін жоғары бағалап, отбасына ақжарма тілектерін жолдағандар да көп болды.
Олар «Құтты болсын!», «Балалардың болашағы жарқын болсын!», «Ана ретінде үлкен еңбек сіңіріп жүр» деген мазмұндағы пікірлерін жазған.