16.07.2026, 01:30

«Күйеуіме көлік сыйлап, қайтадан алып қойды»: Белгілі әнші Ернар Айдардың былығын жайып салды (ВИДЕО)

Әнші Қарлығаш Сұлтанша кезінде орындаушы Ернар Айдардың жұбайы, композитор Қуанышқа сыйлаған автокөлікті кейіннен қайта алып кеткенін айтты. Бұл туралы ол журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесінің айтуынша, Ернар Айдар шығармашылық жолының басында олардың шаңырағында төрт жыл бойы тұрған. Сол уақытта Қуаныштың қасында жүріп, ән айту мен сахна өнерінің қыр-сырын меңгерген.

«Ол кезде Ернар: "Ұстазым, тойға тұрақты шыға бастасам, сізге міндетті түрде "570" көлігін мінгіземін" деп уәде берген еді. Кейін Қуанышқа Pajero автокөлігін сыйлады. Бірақ арада біраз уақыт өткен соң, сол көлікті қайта алып кетті», – деді Қарлығаш Сұлтанша.

Әншінің сөзінше, осы жағдайдан кейін ол жолдасына мұндай мәселеде ешкімнің уәдесіне сенбей, еңбектің ақысын бірден есептесіп отырған дұрыс екенін айтқан.

Сондай-ақ Қарлығаш Сұлтанша Ернар Айдардың концертінде ұстазына тек шапан жабылғаннан кейін әлеуметтік желі қолданушыларының да түрлі пікір білдіргенін еске алды. Олардың арасында ұстазына бұдан да үлкен құрмет көрсетілуі керек еді деген пікірлер болған.

Соған қарамастан өнер иесі бүгінде бұл оқиғаға ешқандай өкпесі жоқ екенін атап өтті.

«Негізінде ешкім ешкімге қарыз емес. Егер біз оны үйімізге қабылдағымыз келмесе, қабылдамайтын едік. Сол сияқты әндерді де бермеуге болатын еді. Сондықтан бүгінде ешкімге ренішіміз жоқ. Әр адам өмірде бір-біріне себепші болады», – деді ол.

Қарлығаш Сұлтанша Ернар Айдардың бүгінгі жетістігіне тек ұстазы емес, оның өз еңбегі, отбасы, ағасы және шығармашылық жолында қолдау көрсеткен жандардың бәрі үлес қосқанын айтты.

«Ернар өте еңбекқор жігіт. Оның бүгінгі деңгейге жетуіне көптеген адамның еңбегі сіңді. Әрине, Қуаныш та өз үлесін қосты. Бірақ оның табысы ең алдымен өзінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Сондықтан өткенді қозғап, өкпе артудың қажеті жоқ», – деп түйіндеді әнші.