19.07.2026, 16:30

«Мұңымды көрсетпеген едім»: Ерке Есмахан көп жасырған жаңалығын айтты

Фото: @erke_esmahan

Әнші жазбасында тұрмыс құрып, ана атанғанын, ажырасқан кезеңін және кейін өмірінде болған өзгерістерді де еске алды.

Әнші Ерке Есмахан тыңдармандарына жаңа музыкалық туындысын ұсынып, шығармашылық және жеке өміріндегі маңызды кезеңдерді еске алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарының өзімен бірге өмір жолының түрлі сәттеріне куә болғанын атап өтті.

"Инстаграм пайда болып, сіздер менің әнші ғана емес, ауылдан шыққан қарапайым қыз екенімді, таза қазақша сөйлейтін, әдемі көйлектерді, эстетиканы, қалжыңды, күтім мен нәзіктікті, шүкіршілікті жақсы көретінімді, менің әлемімнің бөлек екенін білдіңіздер", - деді ол.

Әнші жазбасында тұрмыс құрып, ана атанғанын, ажырасқан кезеңін және кейін өмірінде болған өзгерістерді де еске алды.

"Сонау кезеңнен сіздер менің тұрмысқа шыққанымды, ана атанғанымды, ажырасқанымды, жалғызбасты ана болып ұлымды өз күшіммен өсірген кездерімнің де куәсісіздер. Мен ешқашан қиындықтарымды жариялап, мұңымды көрсетпедім. Бірақ сол кездегі сынақтардың бәрінен мені алып шыққан – бойымдағы қайсарлық, мойымау, үмітімді үзбеу және Аллаға деген сенім болды. Кейін өмір маған ең үлкен сыйын берді. Жеке өмірімді де, өнер жолымды да Алла ең көркем түрде реттеді. Соңғы жылдары сахнадан түсіп, үйдің жылуына ендім. Перзентханаға 2 рет барып келдім. Әрине, арасында күйеуіммен дуэт айттым", - деп жазды әнші.

Жазба соңында Ерке Есмахан «Дауыс» атты жаңа альбомын жарыққа шығарғанын хабарлады. Әнші альбомға тоғыз ән енгізіліп, олардың әрқайсысына бейнебаян түсірілгенін айтты. Сондай-ақ бұл жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен жұбайы Райымға алғысын білдірді.