Ол бұл сапарды бірнеше жылдан бері армандап, соңғы екі ай бойы арнайы дайындалған.
Танымал актриса әрі блогер Фариза Ескермес әлеуметтік желідегі парақшасында өміріндегі маңызды шешімдерінің бірімен бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі Тибетке рухани сапарға аттанатынын айтып, бұл жолғы саяхаттың мақсаты – өміріндегі көптеген сұрақтарға жауап іздеу екенін жеткізді.
Фаризаның айтуынша, ол бұл сапарды бірнеше жылдан бері армандап, соңғы екі ай бойы арнайы дайындалған.
«Жылына бір рет рухани сапарға шығуды әдетке айналдырдым. Жағажайда демалу үшін емес, киелі мекендерге барып, өмірімдегі сұрақтарға жауап іздеу үшін барамын. Қазір тағдырдың ерекше бір кезеңінде тұрғандаймын. Маған бәрін қайта саралап, табиғатпен және өз-өзіммен қайта қауышу қажет», – деп жазды актриса.
Сондай-ақ ол бұл жолы бейтаныс адамдармен бірге жолға шығатынын, жанында жақындары мен жұбайы болмайтынын айтты.
«Алда мені не күтіп тұрғанын білмеймін. Бірақ мен сені асыға күтемін, Қайлас», – деп жазды өнер иесі.
Желі қолданушылары актрисаның жазбасына түрлі пікір қалдырды. Бірі оған ақ жол тілеп, рухани сапарының сәтті өтуіне тілектестік білдірсе, енді бірі оның шешімін түсінбей, сын пікірлерін жазды.
«Ақ жол!», «Аман-есен барып келіңіз», «Барлық сұрағыңызға жауап табылсын», «Қиялшыл екенсіз», «Қияли болып кеткенсіз ғой» деген пікірлер желіде жарияланды.