20.07.2026, 15:40

«3 жыл декреттен кейін»: Ерке Есмахан сүйінші жаңалығымен бөлісті (ФОТО)

Фото: erke_esmahan/Instagram

«Жаным, жарқырап жүріп әніңді айт». 

Қазақстандық танымал әнші Ерке Есмахан тыңдармандарына қуанышты жаңалығын бөлісті. Өнер иесі соңғы алты ай ішінде 9 жаңа ән жазып, әрқайсысына жеке бейнебаян түсіргенін мәлімдеді,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әншінің айтуынша, үш жылдық декреттік демалыстан кейін шығармашылыққа қайта оралуына жұбайы RaiM үлкен қолдау көрсеткен. Ол Еркенің тек үлгілі келін мен аяулы жар ғана емес, халықтың сүйікті әншісі екенін айтып, өнер жолын жалғастыруға жігерлендірген.

«Жаным, жарқырап жүріп әніңді айт», – деген RaiM.

Қазір Ерке Есмахан жаңа музыкалық альбом әзірлеп жатыр. Әнші 9 ән жазып, олардың әрқайсысына бейнебаян түсірген. Оның сөзінше, мұндай көлемді әрі мұқият дайындықты қажет еткен жобаға шамамен жарты жыл уақыт кеткен.

Өнердегі әріптестері Ақбота Керімбекова, Ақерке Бүркітбай, Гүлназ Жоланова, Ayree, Гүлнұр Оразымбетова және басқа да әншілер Еркенің жаңалығына қуанып, жылы лебіздерін білдірді.

Жанкүйерлер де әлеуметтік желіде қолдау көрсетіп, RaiM-ның жұбайына жасаған қолдауын ерекше атап өтті.

«Жарқырай бер!», «Күйеуінің әйелін осылай қолдағаны қандай керемет», «Нағыз салауатты қарым-қатынас осы», «Сүйіктісінің өнерімен мақтанатын ер азаматқа тәнті болдық», – деп жазды желі қолданушылары.