$ 470.28  537.53  5.99

«Қай фандомның мықты екенін көрейік!»: Димаш Құдайберген жанкүйерлерін сынауда

«Жақында менің әлемдік турнем басталады».

Фото: Astana.tv
Фото: Astana.tv

Қазақстанның халық әртісі, әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген әлемнің әр түкпіріндегі жанкүйерлеріне жаңа байқау ұсынды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның нәтижесі бойынша әншінің келесі туындысы қай тілде орындалатыны белгілі болады.

Бұл туралы өнер иесі өзінің Instagram парақшасында хабарлады. Әлемдік турнесі қарсаңында Димаш түрлі елдердегі фан-клубтардың белсенділігін сынап көруді жөн көрген.

“Сынақты қабылдайсыздар ма? Жақында менің әлемдік турнем басталады. Осы жазбаның астында қай елдің жанкүйерлері белсенділік танытса, жаңа әнімді сол елдің тілінде жазуды шештім. Пікірге өз еліңізді жазыңыздар, достарыңызды белгілеңіздер. Қай фандомның мықты екенін көрейік. Дайынсыздар ма? Кеттік!” – деп жазды әнші.

Жазба жарияланғаннан кейін оған қысқа уақыт ішінде әлемнің көптеген елінен мыңдаған пікір қалдырылды. Әсіресе Чили, Аргентина, Мексика, Бразилия, Таиланд, Ұлыбритания, Латвия және өзге мемлекеттердің жанкүйерлері белсенділік танытып, өз елдерінің атынан қолдау көрсетуге кіріскен.

Қатысушылар пікірлерде отандастарын белсенді болуға шақырып, достарын белгілеуде. Сонымен қатар көптеген тыңдарман әннің қай тілде орындалса да, оның жоғары деңгейде шығатынына сенімді екенін жазған.

Байқау қорытындысы бойынша ең белсенді жанкүйерлері бар ел жеңімпаз атанады.

Димаштың жаңа әні сол мемлекеттің тілінде жазылып, орындалмақ.

Айта кетейік, бұған дейін әнші жаңа челлендж жариялап, жеңімпаз оның жаңа бейнебаянына түсу мүмкіндігіне ие болатынын мәлімдеген еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0