Сондай-ақ әнші отбасының ыдырауына үшінші тұлғалардың араласуы да себеп болуы мүмкін екенін айтып, үйінен күмәнді заттар тапқанын жеткізді.
«Меломен» тобының экс-солисі Жігер Ауыпбаев көпшілікке жеке өміріне қатысты тың мәліметтермен бөлісті. Өнер иесі алғашқы некесінің бұзылуына не себеп болғанын айтып, отбасын сақтап қалу үшін қандай қадамдарға барғанын еске алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы ол «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында айтты.
Әншінің сөзінше, ажырасу туралы шешім екі тараптың ортақ таңдауы болған. Ол заңды түрде төрт жыл бұрын ажырасқанын айтып, араларында төрт баласы барын жеткізді. Сонымен қатар бұрынғы жары Замираны жақсы ана ретінде бағалап, ажырасқаннан кейін де отбасын сақтап қалуға бірнеше рет әрекет жасағанын айтты.
«Әлеуметтік желідегі әрбір постымыздың астына кірсеңіз, хейтерлер көміп тастап жатады. Ондай пікірлерді де естуіміз керек шығар. Бірақ ақиқатты, ақ пен қарасын ажыратпай жатып, бірден хейт жаза беруге болмайды. Бәріміз мұсылманмыз, ақырет бар екенін ұмытпаған жөн. Арамызда отбасылық түсініспеушіліктер болды. Ол кісі де өз шешімін айтты, мен де өз сөзімді айттым. Солай екі жаққа кетуге шешім қабылдадық. Ортамызда төрт баламыз бар, заңды түрде ажырасқанымызға төрт жылдай болды. Жолдасым Замира — өте керемет адам. Төрт баланы өте жақсы тәрбиелеп отыр. Негізінде, бұл менің ғана таңдауым болған жоқ. Оған дейін де бірден басқа біреуге үйленіп кетуге болар еді, бірақ мен екі-үш жарым жылдай күттім. Ата-анасымен, жақындарымызбен де сөйлестік, арамызды жарастыруға тырыстық. Ең соңында, балаларым толыққанды отбасында өссін деген ниетпен, сыныптастарымның басын қосып, Замираны шақырдым. Барлығымыз ашық сөйлесіп, бір-бірімізден кешірім сұрап, қайта қосылуға бел байладық. Үйге көшіп келдім, балалар да қатты қуанды. Ол кезде Тараз жаққа гәстрөльдік сапарлар дайындап жүрген едім. Бірақ арада бір апта өтпей, ол қайтадан кететінін айтты», — деді Жігер Ауыпбаев.
Өнер иесі кейінгі жылдары жалғыздыққа үйреніп кеткенін, сол кезеңде үйде отырмас үшін жиі гастрольге шыққанын айтты. Оның айтуынша, арадағы қызғаныш та отбасы қарым-қатынасына әсер еткен.
Сондай-ақ әнші отбасының ыдырауына үшінші тұлғалардың араласуы да себеп болуы мүмкін екенін айтып, үйінен күмәнді заттар тапқанын жеткізді.
«Біз бір-бірімізді жақсы көреміз, сағынамыз, бірақ кездесе қалсақ, бір-бірімізге атыла кететін сияқтымыз. Кейіннен жалғыз тұрып жүргенімде, үйдің ішінен түрлі-түрлі нәрселер тауып алдым: төсегімнің бас жағынан, ішкиімдердің астынан себілген тұздар, пердеге тығылған, басы күйдірілген инелер, паластың астына шашылған зираттың топырағы сияқты заттар шықты. Келіншегімнің қызғаншақтығы бар еді. Кейін ол өзі де соған жеткізгенін мойындады. Біздің отбасылық бақытымызды көре алмаған адамдардың сиқырлап жасаған арам ойы іске асты ма деп ойлаймын...» — деп өкінішін жеткізді Жігер Ауыпбаев.