23.07.2026, 17:00

«Құдалардың төрінде жүзім жарық болсын»: Қанат Айтбаев әкесінің өмірлік өсиетін бөлісті

Фото:

Айтуынша, сахнаға шығатын адам ең алдымен терең білімді, кең жүректі, көркем мінезді әрі ұстамды болуы тиіс.

Белгілі өнер иесі, продюсер Қанат Айтбаев бүгінгі қоғамдағы өнер адамдарының жауапкершілігі, эстрададағы ән сөздерінің сапасы, ұрпақ тәрбиесі мен отбасылық құндылықтар туралы пікір білдірді. Ол бұл ойларын «Azamat Live» бағдарламасына берген сұхбатында бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Айтуынша, сахнаға шығатын адам ең алдымен терең білімді, кең жүректі, көркем мінезді әрі ұстамды болуы тиіс. Өйткені өнер адамдары үнемі көпшіліктің назарында жүреді. Сондықтан олардың әрбір сөзі мен әрекеті қоғамға үлгі болуы қажет.

Қанат Айтбаев өнер иесінің ішкі мәдениеті мен жауапкершілігі шығармашылығынан да көрініс табатынын атап өтті. Оның пікірінше, халық алдында жүрген адам ойын салмақпен айтып, қандай жағдайда да адамгершілік ұстанымынан айнымауы керек.

Сұхбат барысында ол қазіргі эстрададағы ән мәтіндерінің сапасына қатысты алаңдаушылығын да жасырмады. Продюсердің айтуынша, соңғы уақытта кейбір орындаушылар жеңіл танымалдық үшін бейәдеп сөздерді әнге қосып, қоғамның назарын аударуға тырысады.

«Қазақ – сөздің қадірін білген халық. Өз еркіндігің бар екен деп, шектен шығуға болмайды. Әннің сөзі саф маржандай әдемі әрі мөлдір болуы тиіс. Халыққа ұсынылатын дүниені ақындар мен өнерпаздар әбден зерделеп, шыңдап барып ұсынғаны дұрыс», – деді Қанат Айтбаев.

Өнер иесі отбасы тәрбиесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, баланы тәрбиелеудің ең тиімді жолы – сөзбен емес, іс-әрекетпен үлгі көрсету. Ол ата-анасының ешқашан балалардың көзінше ұрысып, дөрекі сөз айтпағанын еске алып, мұндай орта адамның бойында ізгілік пен сыйластықты қалыптастыратынын айтты.

Қанат Айтбаев өмірлік ұстанымының қалыптасуына әкесінің өсиеті үлкен әсер еткенін жеткізді. Үйленер кезде әкесі келіннің туған жерін, ата-анасын танымай, тек жарына сеніп келгенін айтып, оны ешқашан ренжітпеуді аманаттаған. Продюсер бұл сөзді өмірлік қағидасына айналдырғанын айтты.

Ол жұбайы Светамен 1993 жылдан бері тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанын айтып, отбасында балалардың таңдауына әрдайым құрметпен қарайтындарын жеткізді. Димаш пен Мансұр шығармашылық жолды таңдаса, қызы медицина саласын таңдаған. Айтбаевтың пікірінше, әр баланың қабілетін ескеріп, өзіне жақын бағытқа жетелеу – ата-ананың маңызды міндеті.

Сұхбат соңында Қанат Айтбаев шығармашылық жоспарларымен де бөлісті. Анасының ұсынысынан кейін бұрын жазылған, бірақ жарық көрмей қалған әндерін қайта өңдеп, орындаушыларға ұсынып жатқанын айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта тыңдарманға рухани азық болатын жеке авторлық концерт өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.