«Хореографиясы таңғаларлық».
Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген өзінің «Aqerke» әніне түсірілген жаңа бейнебаянын көрермен назарына ұсынды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әнші алдымен әлеуметтік желідегі парақшасында клиптен қысқа үзінді жариялап, ерекше хореографиялық қойылымымен тыңдармандарының қызығушылығын оятты. Артынша бейнебаянның толық нұсқасы оның YouTube-тегі ресми арнасында жарық көрді.
Клип Димаштың туған жері – Ақтөбе қаласында түсірілген. Жаңа туындыға өнер иесінің ата-анасы мен қарындасы Раушан да пікір қалдырып, жылы лебіздері мен қолдауын жеткізді.
Жанкүйерлер бейнебаянның көркемдік шешіміне, әсерлі атмосферасына және Димаштың пластикасы мен сахнадағы шеберлігіне жоғары баға берді. Әлеуметтік желіде олар: «Керемет жұмыс!», «Хореографиясы таңғаларлық», «Бұл клипті көптен күттік» деген пікірлерін жарыса жазды.
Бейнебаян жарияланғаннан кейін небәрі бірнеше минут ішінде мыңдаған қаралым жинады. Қазақстанмен қатар Мексика, Чили, Перу, Аргентина, Ресей және өзге де елдердің тыңдармандары Димаштың ерекше дауысын ғана емес, оның би өнеріндегі шеберлігін де жоғары бағалап, жылы пікірлерін қалдырды.