03.08.2026, 03:30

«Әдейі таңдадым»: Димаш Құдайберген көпшіліктің сынына қатысты үн қатты (ВИДЕО)

Фото: instagram.com/kudaibergen.dimash

Пікірталасқа 31 шілде күні шыққан «Aqerke» композициясының бейнебаяны себеп болды.

Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген «Aqerke» әніне түсірілген жаңа бейнебаяны жарық көргеннен кейін әлеуметтік желіде туындаған пікірталасқа қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Пікірталасқа 31 шілде күні шыққан «Aqerke» композициясының бейнебаяны себеп болды. Жанкүйерлердің басым бөлігі туындыны жоғары бағалағанымен, кейбір желі қолданушылары әншіні сынға алды.

Пікірлерде Димаштың «жақсы продюсері жоқ» екені, жеке репертуарының аздығы, сондай-ақ опералық және классикалық вокалды шамадан тыс қолданатыны айтылды.

Әнші бұл пікірлерге жауап ретінде Instagram парақшасында бейнеүндеу жариялап, өзіне қолдау білдіргендерге де, сын айтқандарға да алғысын жеткізді. Сонымен қатар шығармашылық ұстанымын түсіндірді.

Димаштың айтуынша, жаңа өңдеуде орындалған «Ақерке» халық әні қазақ мәдениеті мен әлемдік аудитория арасындағы көпір болуды мақсат еткен.

«Жаңа ғана жарық көрген "Ақерке" әнінің бейнебаянына қалдырған пікірлеріңіздің барлығын мұқият оқып шықтым. Қолдау көрсеткендеріңізге де, шынайы ниетпен айтқан сындарыңызға да алғыс айтамын. Бұл жұмыс мен үшін ерекше мәнге ие. Мен заманауи музыкалық стильдердің элементтері үйлескен бағытты әдейі таңдадым. Менің мақсатым халық әнін өзгерту болған жоқ. Керісінше, оны заманауи нақышта орындап, әртүрлі елдердегі тыңдармандарыма жақын әрі түсінікті еткім келді», – деді өнер иесі.