Иманбаева бұл жағдайға тек уақыт пен еңбектің арқасында жеткенін айтты.
Актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева өзінің қазіргі өмірлік күйі мен шығармашылық өзгерістері туралы айтып, өзін ішкі жан дүниесі бойынша әлдеқайда жас сезінетінін жеткізді,
Өнер иесінің жасы қазір 50-де. Ұлы 30 жасқа жақындап қалған, екі немересі бар. Дегенмен Айгүл Иманбаева өзінің «энергетикалық жасы» 30 жасқа енді таяғанын атап өтті.
«Менің қазіргі жасым 50-де. Ұлым 30-ға келіп қалды. Екі немерем бар. Әжемін! Бірақ менің энергетикалық жасым 30-ға енді жақындады. Оны мен іштей сезінемін. Тайраңдап, тайтаңдап: «трендтен қалмайын, жас болайын» деп «дурочкаларын» қосып алып жүретіндер болады. Ондай емес. Бұл менің ішкі күйім. Қазіргі қалпым. Мен содан ләззат аламын», – деді актриса.
Иманбаева бұл жағдайға тек уақыт пен еңбектің арқасында жеткенін айтты. Оның сөзінше, өмірдегі тәжірибе, білім және түрлі сынақтар адамның ішкі өзгерісіне әсер етеді.
Қазір әнші шығармашылық бағытта үлкен дайындық кезеңінде жүргенін мәлімдеді. Ол көрермендерге бұрынғыдан өзгеше, жаңа қырын көрсететін тың жобалар ұсынуға ниетті екенін жеткізді.
«Мұның бәрі жылдар бойы адаспаймын деп адасып, күймеймін деп күйіп, жұмыс жасағанның нәтижесімен ғана келген жеңістерім. Талай жеңілістердің арқасында жеңіске жеткен адаммын. «Сен де қуып кеттің ба?» демеңіздер. Діннен де, психологиядан да, әдебиеттен де, мәдениеттен де сабақ алу, ішіме қазына қылып жинау – жап-жаңа Айгүлді қабылдауым үшін жасалған жұмыстар. Сондықтан бақыттымын», – деді ол.
Бұған дейін Айгүл Иманбаева күйеуінен алыстауына және шетелде тұруына байланысты себептерін түсіндірген болатын.