04.08.2026, 10:20

«Мен сынбаймын!»: Аша Матай депутаттықтан бас тартпайтынын айтты (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

"Бұл жағдайдың артында тапсырыс тұрғанына сенімдімін". 

Танымал тележүргізуші әрі актриса Аша Матай әлеуметтік желіде өзі туралы тараған қауесеттерге жауап беріп, депутаттыққа немесе Құрылтай мүшелігіне үміткерліктен бас тартқаны жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесінің айтуынша, әлеуметтік желіде оның кандидатурасын қайтарып алғаны туралы жалған мәліметтер әдейі таратылып жатыр.

«Мен туралы жалған ақпарат таратыпты. Кейбіреулер халықты шатастырып, мен өз кандидатурамды алып, депутаттықтан бас тартты деп айтып жүр. Бұл жағдайдың артында тапсырыс тұрғанына сенімдімін», – деді Аша Матай.

Ол қандай қысым болса да, алған бетінен қайтпайтынын айтып, халықтың сенімін ақтауға дайын екенін жеткізді.

«Мен сынбаймын. Жігерім де, мінезім де жетеді. Сіздердің маған артқан сенімдеріңізді ақтап, мәселелеріңізді Құрылтайда көтеруге дайынмын. Сол үшін күресемін. Құдай қолдасын, ағайын», – деді ол.

Сондай-ақ Аша Матай оқырмандары мен қолдаушыларын өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын жолдауға шақырып, олардың үнін тиісті деңгейде жеткізуге уәде берді.