Себебі сырыңды білетін адам қауіпті болуы мүмкін
Әнші, актриса Айгүл Иманбаева өмірдегі өкінішін ашық айтты. Ол жақын адамының сатқындығын айтып, ауыртпалықтың алыстан емес, жаныңда жүрген адамдардан келетінін ескертті, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Бірнеше рет тұрмыс құрып, соңғы жолдасымен де бөлек кеткен әнші өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Айтуынша, жаныңда жүрген құрбыңа қатты сенуге болмайды. Себебі сырыңды білетін адам қауіпті болуы мүмкін.
«25 жыл бір құрбыммен өте жақын араластым. Өліп жақсы көрдім. Қай жерге барса да, "Сен кереметсің, ақылдысың" деп айтып отыратынмын. Дәл сол құрбымнан жеті жыл бұрын алғаш рет белгі алдым. Үлкен алаяқтық жасады. Мен шыдамай, бетіне айттым. Сол кезде ол аяғыма жығылып, кешірім сұрады. Менің компаниямда директор болып жүрген қыздың кетуіне де ықпал етті. Ол қызды ақыры кетіріп тынды», – деді Иманбаева.
Айтуынша, жақын тартып, сенген адамың шындығында іштей сенімен бәсекелес болуы мүмкін. Жетістігіңді көре алмай, барлық сырыңды біліп жүреді. Кейін кез келген сәтте арқаңнан пышақ сұғып кетуі мүмкін.
«Бір жыл жеті ай өтті, әлі күнге дейін жоқ. Себебі ол құрбым менің мінезімді біледі. Мен бетіне күліп жүре алмаймын. Мен бәрін бетке айтамын. Ол нәрседен де қорқуы мүмкін. Екіншіден, өзінің күнәсін білгендіктен, "алыс жүрейін" деп ойлауы мүмкін. Иттік, пасықтық жасау адамның білімділігіне, сыйлы болуына қарамайды. Ол жүрегіңнің ақ не қара екеніне байланысты. Күнделікті өмірде бұл адамнан иттік, жамандық шығады деп ойламайсыз. Себебі әдемі сөйлейді, әдемі жүреді. Адам аласы ішінде.
Менімен жарыса бастады кейін. "Неге ол осы жасында тұрмысқа шығады, мен шықпаймын?" деген. Артыңнан пышақ сұғып, бетіңе сенің нөмірі бірінші жанашырың болып шығады. Барлық мақтау мен махаббат Аллаға ғана тән. Сондықтан енді ешкімді Алладан артық жақсы көрмеу керектігін түсіндім», – деді әнші.