Шілде айының соңында Алматыда өткен ұзату тойында қонақтарға қазақтың қызыл сандығына ұқсатып жасалған ерекше торт тартылған.
Танымал әнші Алтынай Жорабаева қызы Айнараны ұзатқан тойда қонақтарға ұсынылған ерекше торттың жасалу тарихын айтып берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Шілде айының соңында Алматыда өткен ұзату тойында қонақтарға қазақтың қызыл сандығына ұқсатып жасалған ерекше торт тартылған. Оның үстіне үкілі тақия қойылып, қазақы нақыштағы дизайн арқылы қыздың жасауын бейнелеген.
Әншінің айтуынша, торт жасау идеясы өзінен шықпаған. Бұл ұсынысты оның құрбысы Саяш айтқан. Бастапқыда Алтынай Жорабаева ұзату тойында торт ұсынуды жоспарламаған.
«Ұзату тойында торт болмайды деп ойлайтынмын. Әдетте оны үйлену тойында тартады. Бірақ құрбым қыз ұзатуда торт ұсыну-ұсынбау әркімнің өз қалауы деп түсіндірді. Идеялары бар екенін айтты», – дейді Жорабаева.
Торттың авторы тәттіні дайындамас бұрын қалыңдықтың тойда киетін киімі мен үкілі тақиясы туралы ақпарат алған. Салмағы шамамен 35 келі болған ерекше торттың дизайны әншіге алдын ала көрсетілмеген.
«Мен қызымның тойға киетін киімін, үкілі тақиясын көрсеттім. Ол идея келді деген. Маған ұзақ уақыт айтпай жүрді. Тойдан бір күн бұрын ғана суретін көрсетті. Таң қалдым. Қатты ұнады», – дейді Алтынай.