Өнер иесі бұл туралы Instagram парақшасында видео жариялап, қайырымдылық шарасының қалай өткенін көрсетті.
Хит әндерімен танылған әнші Садраддин бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анаға пәтер сыйлап, көпбалалы отбасын қуантты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі бұл туралы Instagram парақшасында видео жариялап, қайырымдылық шарасының қалай өткенін көрсетті.
«5 жасар бала күнгі Садраддиннің арманы орындалды», – деп жазылған видео сипаттамасында.
Әншінің айтуынша, бала кезінде анасы екеуі жалдамалы пәтерден екіншісіне көшіп жүрген. Сол уақытта өз баспанасы болса екен деген арман қалыптасқан.
«Қазір шүкір, Құдай сондай мүмкіндік беріп тұрған кезде біз де бір отбасын қуантып, арманын орындайық деп шештік. Себебі "өз баспанамыз болса" деген – менің бала күнгі арманым еді. Қазір пәтер жалдап тұру көпбалалы жалғызбасты анаға – үлкен проблема. Сол күн де келіп жетті. Алланың қалауымен бір кісіге пәтер сыйлаймыз», – деді Садраддин.
Жаңа баспана бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анаға табысталды. Әйелдің денсаулығына байланысты жұмыс істеуге жарамсыз деп танылғаны белгілі болды.
Әнші отбасыға пәтер берілетінін алдын ала айтпаған. Ол көпбалалы ананы мектепке балаларға киім алып береміз деген сылтаумен шақырған. Осылайша пәтер кілтін күтпеген отбасы мүшелері тосынсыйдан кейін көздеріне жас алып, әншіге алғыстарын білдірді.