11.08.2026, 15:20

«Туған абысындай жақын араластық»: Қарақат Медеу Арынбаевтың марқұм әйелін еске алды (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

"Жаны сондай жақсы адам еді…"

Әнші Қарақат Әбілдина бұрынғы "АБК" тобы мүшелерінің басын қосып, жастық шақтағы жылы естеліктерін еске алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әнші жылы естелігімен өзінің желідегі парақшасында бөлісті.

«Бүгін біздің үйге АБК-ның серілері ат басын тіреді…Бұл азаматтарды танығаныма биыл тура 30 жыл екен. АБК тобының құрылғанына да — 30 жыл. Сол уақыттың, сол ортаның, сол бір әдемі кезеңнің куәсі болғаныма өте қуаныштымын. АБК-ның әндерімен студенттік шағым өтті. Оларды көрген сайын көз алдыма бал-бұл жайнаған 18 жасым келеді… Арман көп, уайым аз, көңіл алаңсыз кез. Қандай шақтар еді…

 

Бүгін дастарқан басында отырып, сол күндерді бір-бірлеп еске алдық. Бірге жүрген достарымызды айттық. Бір күлдік, бір күрсіндік… Медеудің келіншегі Айгүл марқұмды еске алдық. Айгүлмен туған абысындардай жақын араластық. Жаны сондай жақсы адам еді… Өкінішке қарай, ғұмыры қысқа болды. Иманы жолдас, жаны жәннатта болсын! Көрмеген жақсылығын артында қалған ұл мен қызына көру бұйырсын!

Ал Ерлан мен Анар екі рет құда-құдағи атанып үлгерді. Ең қызығы — қос қызы бір үйдің келіндері, абысындар екен. Өмір деген қандай қызық?!.. Кеше ғана біздің үйлену тойымызда менің той көйлегімнің етегін ұстап жүрген 4-5 жастағы Айкамыз бір әулеттің үлкен келіні атанып отыр. Қыздарымыздың барған жерінде бағы жанып, бақыттары баянды болсын! 30 жыл…

Осы бір санның ішінде қаншама өмір жатыр десеңізші. Жастық шақ, достық, ән, арман, қуаныш, сағыныш… Бірге жүрген адамдардың әрқайсысы өміріңнің бір бөлшегіне айналып кетеді екен. Бүгін уақыт бізді бір кешке баяғы жастығымызға қайта апарғандай болды.

Адам кейде өткен күндерді емес, сол күндердегі өзін, жанындағы адамдарын, алаңсыз көңілін сағынады екен… Біз Астанада, сіздер Алматыда. Аман жүргенімізде осылай бас қосып, өткенді күліп еске алып, бір-біріміздің қадірімізді біліп жүрейікші. Өмірдің ең қымбат байлығы — жылдар өтсе де жылуы жоғалмайтын адамдар мен жүректе қалған естеліктер екен…», — деп жазды ол.