17.08.2026, 16:40

«Орамал таққаны үшін бе?»: Мөлдір Әуелбекова эфирден тыс қалуына қатысты пікір білдірді

Фото: Видеодан алынған кадр

Ол әншінің сахнадағы өнері не себепті көрсетілмегенін түсінбейтінін жеткізді.

Әнші Мөлдір Әуелбекова соңғы уақытта эфирлерден тыс қалуына қатысты пікір білдірді. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында өз ойын жазып, бұл жағдайға қарамастан халықтың ықыласын жоғары бағалайтынын жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

«Эфирден тыс қалсам да, халықтың жүрегінде болғаным – мен үшін ең үлкен құрмет», – деп жазды әнші.

Бұған дейін әнші әрі сазгер Ұшқын Жамалбек өз концертінде Мөлдір Әуелбекованың өнер көрсетуі қиылып қалғанын айтқан болатын. Ол әншінің сахнадағы өнері не себепті көрсетілмегенін түсінбейтінін жеткізді.

«Мөлдір Әуелбекованы орамал таққаны үшін менің концертімнен қиып тастаған ба? Өзім түсінбей отырмын. Концерттің толық нұсқасын кім көрді?» – деді Ұшқын Жамалбек.

Сонымен қатар әлеуметтік желі қолданушылары Мөлдір Әуелбекованың «МузАРТ Fest» концертінде де өнер көрсеткенін атап өтті. Алайда олардың айтуынша, концерттің телеарна арқылы көрсетілген нұсқасында әншінің өнер көрсетуі болмаған.