19.08.2026, 15:00

Шамам келгенше шынайы болуға тырыстым»: Роза Әлқожа жазбасымен көпті ойландырып қойды

Фото: Әлеуметтік желіден

Адам өмірінің жартысына дейін бәрін жасап үлгеріп қалуы керек екен.

Әнші Роза Әлқожа адам өмірі, жасаған еңбектің жемісін көру және өмірдің әр сәтіне шүкіршілік ету туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі өмірінің белгілі бір кезеңіне дейін бар күшін салып, әрекет ету керек екенін айтып, кейін еңбектің нәтижесін көріп, демалып, саяхаттауға болатынын жеткізді.

«Адам өмірінің жартысына дейін бәрін жасап үлгеріп қалуы керек екен. Ары қарай еңбегіңнің жемісін көресің. Демаласың, саяхаттайсың. Шамамның келгенінше, мүмкіндігім болғанынша әрекет еттім. Бір жерде қалағаным болған шығар, бір жерде болмаған шығар?! Бір жерде біреуді қуантқан шығармын, бір жерде ренжіткен шығармын, білмеймін бұл өмір. Мен де пендемін. Мен де қателесемін. Бастысы бар жағдайда шынайы болуға тырыстым. Бастысы — бәрін әдемі жасауға тырыстым. Ал, болмаған болса, қанша жамап-жапсаң да өзі үңірейіп тұратын жер болады екен. Қанша тартсаң да жарыққа баспайтын жандар болады екен. Мейлі. Біз бәріміз Алланың құлы ғанамыз. Адам мәңгі ақылды болмайды екен. Әсте-әсте жинағаның бір пәсте шашылып қалатын кез болады екен. Сондықтан да толықтай ешкім мұсылманмын деп те, данамын де мақтана алмайды екен», – деп жазды әнші.

Роза Әлқожа адамның өмір бойы білім алып, қателіктерден сабақ алатынын атап өтті. 

«Бұл өмір ахиреттің егіндігі болса, өмір-ұстаз күн сайын шәкірт етеді, өлгенше сабақ алып өтеді екенсің. Алла тағаланың берген әр сәтіне шүкір! Алланың берген бар нығметіне шүкір! Жақсы сөзбен жақсылардың жанында жақсы күндерде жарқырап жүре берейік!» – деді ол.