24.08.2026, 05:30

«Әйел – қызметші емес»: Динара Сәтжан той алдында ұлына ақыл айтты (ВИДЕО)

Коллаж: sn.kz

Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан ұлы Даниял Үскенбай мен келінінің Париждегі сәттерімен бөлісіп, жас жұбайларға ақ тілегін арнады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Ол Instagram-дағы парақшасында бір-бірін таңдап, өмір жолын бірге жалғастыруға шешім қабылдаған екі жастың бақытына куә болудың өзі ерекше сезім екенін жазды.

«Сендерге махаббаттарыңды өмір бойы аялап, бір-біріңе ризашылықпен әрі құрметпен қарауды тілеймін. Жылдар өткен сайын сезімдерің тереңдеп, махаббаттарың даналық пен күшке толы болсын», – деп жазды Динара Сәтжан.

Тележүргізуші ұлына да арнайы үн қатып, отбасылық өмірге қатысты маңызды кеңесін айтты.

«Даниял, саған ең басты нәрсені айтқым келеді: әйел – қызметші емес. Ол – сенің өмірлік серігің, тең дәрежедегі жұбың. Онымен қуанышыңды да, қиындықтарыңды да, армандарыңды да, отбасы алдындағы жауапкершілікті де бірге бөлісесің», – деді ол.

Сондай-ақ Динара Сәтжан ұлына жары Айнұрдың қызығушылықтары мен армандарына құрметпен қарап, оның жетістіктеріне қуанып, қиын сәттерінде жанынан табылуға кеңес берді.

«Бүгін жүректеріңді тоғыстырған сезімді сақтаңдар. Күн сайын бір-біріңді қайта таңдай біліңдер. Бақытты болыңдар, менің сүйіктілерім!» – деп түйіндеді тележүргізуші.