3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Алматы облысының Қарасай аудандық сотында актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық істі қарау басталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Актерге Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша, яғни онлайн-платформаларды пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған.
Егер Нұрсұлтан Жақсыгеннің кінәсі сотта дәлелденсе, оған 3 мың АЕК-ке дейін, яғни 12 975 000 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазіргі уақытта актер үйқамақта отыр. Алдыңғы сот отырысында оның адвокаты бұлтартпау шарасын үйқамақтан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа ауыстыруды сұраған. Алайда істі қарап жатқан судья Шолпанқұлова бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Жақсыген бұрынғы жұбайы Фариза Сабыралиевамен соттасып жатыр. Бұған дейін Сабыралиева әлеуметтік желіде видео жариялап, өзінің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың біраз уақыттан бері таратылып келгенін мәлімдеген.
Оның айтуынша, қылмыстық іс аясында Нұрсұлтан Жақсыген кешірім сұрағанымен, жәбірленуші оның кешірімін қабылдамаған. Осыдан кейін Сабыралиева бұрынғы күйеуіне қатысты сотқа жүгінген.