Актердің жауабы желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, көпшілік түрлі пікір білдірді.
Танымал әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыген журналист Руслан Өтепбайдың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазір Алматы облысы Қарасай ауданының сотында актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты іс қаралып жатыр. Журналист өнер иесінен бұрынғы жары Фариза Алмасқызының әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларына қатысты сұрақ қойды.
Руслан Өтепбайдің айтуынша, Фариза бұған дейін бұрынғы күйеуіне қатысты бірқатар мәлімдеме жасап, әлеуметтік желіде жазбалар мен скриншоттар жариялаған. Олардың бірінде әйелге қатысты ауыр айыптаулар айтылған.
Ал Нұрсұлтан Жақсыген бұл жазбалардың өзіне тиесілі екенін жоққа шығарып, оларды жалған парақшалар жариялағанын айтты.
«Қазіргі таңда осы жағдай бойынша Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Таяу күндері сот үкімі шығады. Кімнің сөзі рас, кімнің сөзі жалған – оған сот құқықтық баға береді», – деді Руслан Өтепбай.
Журналист актерден «Сот сіздің кінәлі екеніңізді шығарса, не істейсіз?» деп сұрады. Бұған Нұрсұлтан Жақсыген сот шешімінің әділдігіне күмән келтіретінін айтты.
Актердің жауабы желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, көпшілік түрлі пікір білдірді.
«Бүкіл халықты алдағысы келе ме?», «Еркектің безбеттігін енді көрдім», «Неге мүләйімсіп қалған?», «Сөзден секіріп тұр», «Қатесін мойындату оңай емес», «Өтірік айтып тұр», «Жігіт деген атқа лайық болу керек», – деп жазды оқырмандар.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Жақсыген бұрынғы жұбайы Фариза Сабыралиевамен соттасып жатыр. Бұған дейін Сабыралиева әлеуметтік желіде өзі туралы шындыққа жанаспайтын әрі абыройына нұқсан келтіретін ақпарат тарағанын мәлімдеген болатын.