26.08.2026, 12:00

«Аяқ-қолым дірілдейді»: Айгүл Иманбаева басынан өткен зорлық-зомбылық туралы айтты (ВИДЕО)

Фото: Әлеуметтік желіден

Менің жеке өмірімде де сондай жағдайлар болды.

Әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева бала кезінде куә болған зорлық-зомбылықтың ересек өміріне де әсер еткенін айтты. Өнер иесі бұл тақырыптың өзі үшін ауыр екенін айтып, ата-аналарды балалардың көзінше жанжал шығармауға шақырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Айгүл Иманбаеваның сөзінше, осыдан бірнеше жыл бұрын құрбысы Баян Мақсатқызы зорлық-зомбылық тақырыбын арқау еткен «Бақыт» фильмін түсірген. Картинадағы басты рөлдердің бірін сомдау туралы ұсыныс түскенде, әнші алдымен сценариймен танысқан.

«Сценарийді оқып отырып, бұлшықет жады ма, әлде бұрынғы сырқаттарым оянды ма, білмеймін, аяқ-қолым дірілдеп, жылап қалдым. Баянға хабарласып, бұл рөлден бас тарттым. Кейін режиссер Асқар Ұзабаев та қоңырау шалып, көндіруге тырысты. Оған да көзімнен жас тоқтамай, бұл тақырыптың мен үшін қаншалық ауыр екенін түсіндірдім», – деді ол.

Әнші соңғы жылдары психологпен жұмыс істеп, балалық шағында алған психологиялық жарақаттарынан арылуға тырысып жүргенін жеткізді. Алайда зорлық-зомбылыққа қатысты кей жағдайлар оның санасында әлі де сақталғанын мойындады.

«Бала кезімде әкемнің анамды ұрғанын, ата-анамның бір-бірімен жанжалдасқанын көрдім. Сондықтан қазір де біреу дауысын көтерсе, қорқамын. Ішімдік ішкен адамды көрсем, аяқ-қолым дірілдейді. Психологпен жұмыс істеп, бәрін санамнан шығардым деп ойласам да, оның іздері әлі бар екен», – деді Айгүл Иманбаева.

Оның айтуынша, балалық шақтағы зорлық-зомбылықтың салдары адам есейген кезде де түрлі жағдайда көрінуі мүмкін. Әнші қазақ қоғамында бұрыннан қалыптасқан «баланың көзінше ұрыспа» деген қағиданың маңызы зор екенін атап өтті.

«Кейін сол жағдайлар өміріңде айна-қатесіз қайталануы мүмкін. Менің жеке өмірімде де сондай жағдайлар болды. Сондықтан бұл мәселені бала тәрбиесінен бөлек қарауға болмайды», – деді өнер иесі.

Айгүл Иманбаева ата-аналарды бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Оның пікірінше, отбасындағы қарым-қатынас пен баланың көз алдында қалыптасатын орта оның болашақтағы мінезі мен өміріне тікелей әсер етеді.

«Баланы өмірге әкелгеннен кейін оның тәрбиесіне жауапкершілік алу керек. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтылмаған. Бүгінгі зорлық-зомбылық мәселесінің бір себебі бала кезден қалыптасқан түсініктерде жатыр деп ойлаймын», – деді әнші.