27.08.2026, 01:30

«Мама, өмір сүр, кетпеші!»: Анна Данченко анасының ауыр жағдайын айтып, елді жылатты

Коллаж: SN.kz

"Сені осындай күйде көру маған өте ауыр".

Танымал журналист әрі тележүргізуші Анна Данченко анасының ауыр жағдайына алаңдап, әлеуметтік желіде жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Ол ата-анасы сыйлаған балалық шағын еске алып, анасына деген шексіз махаббатын жеткізді.

Анна Данченко ата-анасы үшін әрдайым барын жасауға тырысқанын айтты.

«Мен өзімді мықтымын деп ойладым. Бәріне шамам жетеді деп ойладым. Өйткені бұған дейін де бәрін еңсеріп келдім, барымды салдым, тіпті мүмкін емес нәрселерді де жасауға тырыстым. Мұның бәрін ата-анам менімен мақтансын деп жасадым. Себебі олардың өмірі ауыр болғанын білдім және олардың жағдайын жеңілдеткім келді», – деп жазды журналист.

Оның айтуынша, ата-анасы оған бақытты балалық шақ сыйлаған. Алайда өзі есейіп, оларға қамқорлық көрсеткісі келген кезде, алдымен әкесінен айырылған.

«Мен сіздердің дендеріңіз сау болып, қуанып, күліп жүргендеріңізді қатты қаладым. Балалық шағымдағыдай бақытты болғандарыңызды қаладым. Сіздер маған ең бақытты балалық шақ сыйладыңыздар. Иә, сіздерге қиын болды, бірақ ешқашан шағымданған жоқсыздар. Мен махаббат пен қамқорлыққа бөленіп өстім.

Ал қазір, мен есейіп, сіздерге өз махаббатым мен қамқорлығымды сыйлағым келген кезде, алдымен әкемнен айырылып қалдым. Ол соншалықты тез кетті. Мен әлі күнге дейін әкем Аралда тұрады, ал біз екеуміз Алматыдамыз деп ойлаймын», – деді ол.

Журналист анасының өз өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.

«Мама, сен – менің өмірімсің. Құдайдың мені сенің қызың, ал сені менің анам етіп таңдағанына шексіз ризамын. Сен – менің қорғаншы періштемсің. Мені қызым болғаным үшін ғана шын жүрегіңмен жақсы көретін жалғыз адамсың», – деп жазды Анна.

Данченко анасының әрдайым оның әр жетістігіне қуанып, батасын беріп отырғанын еске алды.

«Мен сенің батаңды алмай үйден шықпайтынмын. Сен менің әр қадамымды, әр жетістігімді қуанышпен қарсы алатынсың. Ал мен бұл үшін саған әрдайым алғыс айтатынмын», – деді журналист.

Аннаның айтуынша, қазір анасы ауыр жағдайда жатыр. Ол анасын құшақтап, онымен сөйлесе алмайтынына қиналатынын жеткізді.

«Ал қазір сен жатырсың, мен сені құшақтай алмаймын, сөйлесе алмаймын. Сен дем алып жатырсың және мені естіп жатқан шығарсың, мама. Сені осындай күйде көру маған өте ауыр. Жүрегіңнің шаршағанын түсіну одан да қиын. Бірақ ол әлі соғып тұр. Мен оның соғуын сеземін, естимін», – деп жазды ол.

Журналист анасының қолынан ұстап отырғанын айтып, сол қолдың бала күнінен бері өзіне қаншалықты қамқор болғанын тебіреніспен еске алды.

«Бұл – маған барын берген қол. Мен құлаған кезде ұстап қалған қол. Ауырған кезімде басымнан сипаған қол. Мені тамақтандырған, жуындырған, киіндірген қол. Менің бүгінгі адам болуыма себеп болған қол», – деді Анна.

Ол әкесінен айырылғаннан кейін анасы үшін мықты болуға тырысқанын айтып, қазір өзін жалғыз әрі қорғансыз сезініп жүргенін жасырмады.

«Сен – менің тірегімсің, қанатымсың, қорғанымсың. Мен әкемнен айырылдым. Бір қанатынан айырылған құс секілді, сен үшін бір қанатыммен ұшуға тырыстым. Ал қазір сол қанатым да сынып қалғандай.

Жаным ауырады, мама. Мен қорқып тұрмын. Қараңғыда қалғандаймын.

Мама, өтінемін, кетпе! Сенсіз мен ұша алмаймын! Мама! Мен сені шексіз жақсы көремін!» – деп жазды Анна Данченко.