01.09.2026, 14:40

«Есею керек ерлерге»: Роза Әлқожа келіндердің мәселесін көтерді

Фото: Almaty.tv

Өнер иесі оқырмандарынан осы тақырыпқа қатысты көптеген сұрақ түсетінін жеткізді.

Танымал әнші Роза Әлқожа отбасындағы келіннің рөлі мен әйелге артылатын жауапкершілік туралы ойын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі оқырмандарынан осы тақырыпқа қатысты көптеген сұрақ түсетінін жеткізді. Бір оқырманы одан қоғамдағы келін мәселесіне қатысты неге пікір білдірмегенін сұраған.

Роза Әлқожа мұндай жағдайды бастан өткеріп жүрген қыз-келіншектердің көп екенін айтып, әйелдердің отбасы үшін бар жауапкершілікті жалғыз көтеруіне қарсылық білдірді.

«Салт деп, дәстүр деп бар жүкті қызға-келінге, әйелге-анаға артып қойған қоғам еркекке неге артпайды осынша жүкті?! Ағайынның татулығын, жанұяның берекесін, ата-ананың жағдайын, баланың қамын неге әйел ғана ойлау керек? Үйдің тірлігін, барды жеткізуді, айналаны таза ұстауды неге бір келін ғана мойнына алу керек? Әуелде құлдыққа сатылып па еді?!» – деді ол.

Әнші бұл мәселенің тамыры тереңде жатқанын атап өтіп, келіннің де өз арманы, қалауы мен жеке шекарасы бар екенін айтты.

«Күйбеңнің қамытын бір келінге артып қойып, қызықтап отыратын бұл азаптар алаңы емес. Оның да арманы бар, қалауы бар, көңілі бар. Оның да жүйкесі бар, ашуы бар, адам деген аты бар», – деп жазды Роза Әлқожа.

Оның пікірінше, отбасы – ең алдымен жауапкершілік. Сондықтан ер адам отбасын құруға дайын болмаса, келін түсіруге асықпау керек.

«Жараспаса жіберу керек. Ол да біреудің аялап баққан баласы. Шешесінің етегін жібермейтін еркек көп. Ананы сыйлау – әйелді жығып беру емес. Есею керек ерлерге. Отбасының тізгінін ұстай алмаған Отанды қалай қорғайды?!» – деп түйіндеді әнші.