Концерттің басты ерекшеліктерінің бірі – жарық шашатын интерактивті білезіктер арқылы синхрондалған шоу.
Әлемге әйгілі әнші Энрике Иглесиастың Қазақстандағы концертінде ауқымды музыкалық және визуалды шоу ұсынылады. Көрермендерді ерекше жарық безендіруі, арнайы және отты эффектілер күтеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Концерттің басты ерекшеліктерінің бірі – жарық шашатын интерактивті білезіктер арқылы синхрондалған шоу. Мұндай технология Орталық Азияда алғаш рет осындай ауқымды стадиондық концертте қолданылады.
Білезіктердің көмегімен көрермендер шоудың тікелей бір бөлігіне айналады. Мыңдаған адам жиналған стадион музыка ырғағына сай өзгеріп отыратын біртұтас жарық кеңістігіне айналмақ.
Сондай-ақ концерт тек негізгі сахнамен шектелмейді. Стадионның ортасына қосымша сахна орнатылып, Энрике Иглесиас музыканттарымен бірге бағдарламаның бір бөлігін сонда орындайды. Осылайша алаңдағы көрермендер әншіні жақыннан көре алады, ал трибунадағы жанкүйерлер шоуды стадионның әр нүктесінен тамашалайды.
Мұндай формат үлкен ареналар үшін аса маңызды. Өйткені орындаушы мен көрермендердің бір бөлігі арасындағы қашықтық ондаған метрге жетуі мүмкін.
Концерттерді дайындау және өткізу үшін Қазақстанға 60-тан астам маманнан құралған халықаралық команда келеді.
Жақында Энрике Иглесиастың концерттік бағдарламасы толықтай жаңартылып, әлемдік деңгейдегі заманауи қойылымға айналды. Шоуды әзірлеуге көптеген танымал әртістермен жұмыс істейтін америкалық концерттік продакшн мамандары тартылған.
Концертке қажетті техникалық жабдықтар мен қойылым элементтерінің бір бөлігі Қазақстанға арнайы жеткізіледі.
Энрике Иглесиас 3 қыркүйекте Астанадағы «Астана Арена» стадионында, ал 5 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында концерт береді.