$ 454.46  527.72  5.25

«Тіпті үйреніп жүргендер бар»: Димаш Құдайберген шетелдіктердің қазақ мәдениетіне қызығушылығы артқанын айтты

Бұл туралы әнші Astana Finance Days аясындағы панельдік сессияда сөз қозғады.

Фото: Әлеуметтік желіден
Фото: Әлеуметтік желіден

Димаш Құдайберген шетелдік көрермендердің қазақ мәдениетіне, ел тарихына және ұлттық аспаптарға қызығушылығы артып келе жатқанын айтты. Бұл туралы әнші Astana Finance Days аясындағы панельдік сессияда сөз қозғады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Димаш Құдайбергеннің айтуынша, халықаралық аудиторияға қазақ музыкасын кеңінен таныстыру оның шығармашылығындағы маңызды бағыттардың біріне айналған. Осы мақсатта әнші әлемнің түрлі елдеріндегі концерттерінде өз командасындағы музыканттармен бірге қазақтың ұлттық аспаптарын да таныстырып жүр.

Ол халықаралық гастрольдер кезінде көрермендердің ұлттық аспаптарға ерекше ықылас танытатынын байқаған.

— Концерттерімде өнер көрсететін музыканттарымыз қазақтың ұлттық аспаптарын халықаралық аудиторияға таныстырып жүр. Әлемнің қай жерінде өнер көрсетсек те, көрермендер басқа елдің мәдениетінен көрген жаңалықты қызығушылықпен қабылдайды. Бұл қызығушылық концертпен ғана шектелмейді. Шетелдік тыңдармандар арасында Қазақстанның тарихын зерттеп, қазақ тілін, тіпті ұлттық аспаптарда ойнауды үйреніп жүргендер бар, — деді ол.

Димаш Құдайберген қазақ музыкасы мен ұлттық аспаптарын әлемге таныту жұмысын одан әрі кеңейткісі келетінін жеткізді.

Оның айтуынша, продюсерлік бағытқа бет бұруына қазақ музыкасын әлемге кеңірек таныту мақсаты түрткі болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0