10.09.2026, 03:30

«Тұрмысқа шыққан соң емес, дүниеге келгеннен…»: Жазира Байырбекова қыз баланың тәрбиесі туралы сөз қозғады

Фото: instagram.com/zhazira_bairbekova

Қыз – елдің болашағы.

Танымал әнші Жазира Байырбекова қоғамдағы қыз баланың орны мен оған деген құрмет туралы ой қозғап, қыздың қадірі дүниеге келген күннен бастап биік болуы керектігін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі ұлт болашағы тікелей ана мен қыз баланың тәрбиесіне байланысты екенін еске салды.

"Қыз – елдің болашағы. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ардақты жар, аяулы әже, бір әулеттің берекесін кіргізер шаңырақтың ұйытқысы. «Қыздың жолы жіңішке» дейді халқымыз. Қыз баланың тәрбиесі мен қадірі – бір отбасының емес, тұтас ұлттың тәрбиесі. Өйткені отбасының берекесі әйелден басталып, баланың тәрбиесі анадан қалыптасады", – деді әнші.

Сонымен қатар өнер иесі қазақ халқының қыз баланы төрге шығарып, ерекше мәпелеген дәстүріне тоқталып, құрмет көрсету отбасы берекесінің кепілі екенін жеткізді.

"Қыз баланы төрге шығарып, «қонақ» деп емес, сол үйдің гүлі, жүрегі, бақыты деп қадірлеген қазақпыз. Қыздың қадірі – тұрмысқа шыққан соң емес, дүниеге келген күннен биік болуы керек. Ертеңгі жар болар қызды бүгіннен құрметтеу – ертеңгі ананы, болашақ әулетті құрметтеу. Қыз қадірленген үйде береке бар. Анасы ардақталған үйде тәрбие бар. Әйелі сыйланған шаңырақта бақыт бар. Сондықтан қыз баланың қадірі қашанда биік болсын!", – деп түйіндеді Жазира Байырбекова.

Әлеуметтік желі қолданушылары әншінің көтерген мәселесін бірден қолдап, қоғамда қыз-келіншектерге қатысты келеңсіз оқиғалар жиілеп тұрған шақта бұл ойдың аса маңызды екенін жарыса жазды. Оқырмандар өнер иесінің азаматтық ұстанымына дән риза болып, жылы пікірлерін қалдырды.