23.09.2026, 05:30

«Қайда апарарын білмеймін»: Фариза Төреәлі Меккеде ағынан жарылып, жылады (ВИДЕО)

коллаж: Sn.kz

Блогер бұл сапардан кейін өзінде қандай өзгеріс болатынын уақыт көрсететінін айтты. 

Танымал блогер Фариза Төреәлі әлеуметтік желідегі парақшасында Меккеге жасаған сапары жайлы әсерлі жазба жариялады. Ол қасиетті мекенге бұл жолы жақындарымен бірге барғанын айтып, сапардан алған әсерін бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Блогердің айтуынша, адам қанша жоспар құрғанымен, өмірдегі әр жағдай Жаратушының қалауымен жүзеге асады.

«Біз қалаймыз, бірақ Алланың өз қалауы бар. Біз жоспарлаймыз, бірақ Жаратушының өз жоспары бар. Біз де дәл солай Алланың жоспарымен Оның мекеніне келіп қалдық. Бұл жолы – екеуміз ғана емес, үшеуміз», – деп жазды ол.

Фариза Төреәлі Меккеде өткізген сәттердің жүрекке ерекше әсер еткенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл шаһарға әр адам әртүрлі тағдырмен келеді.

«Бұл шаһарға әркім әр тағдырмен келеді. Бірінің көңілі көлдей, бірінің жүрегі жаралы. Бірі шүкірін арқалап жетеді, бірі шерін. Бірі көптен күткен тілегін айтуға келеді, енді бірі ешкімге айта алмаған мұңын Алласына ғана аманат етуге келеді. Аллаға апарар – әр адамның өз жолы бар!» – деді блогер.

Ол Меккеге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған адамдардың тағдыры әртүрлі болғанымен, барлығын ортақ сенім біріктіретінін жеткізді.

Фариза Төреәлінің айтуынша, адам материалдық тұрғыдан қанша жетістікке жетсе де, жүректегі кейбір бос кеңістікті дүниелік нәрселермен толтыру мүмкін емес.

«Біз бәріміз Аллаға ғана мұқтажбыз. Адам бұл дүниеде қанша жерден биіктесе де, түбінде маңдайын жерге тигізіп тыныштық табады. Қанша дүниені иеленсе де, жүрегінің бір қуысын ешбір дүние толтыра алмайды», – деп жазды ол.

Блогер бұл сапардан кейін өзінде қандай өзгеріс болатынын уақыт көрсететінін айтты.

«Бір білетінім, осы жерге келген Фариза мен бұл жерден қайтатын Фаризаның арасында көзге көрінбейтін бір жол жатыр. Ол жолдың қайда апарарын білмеймін. Бірақ жүрегім оның Раббыма қарай басталғанын қалайды», – деді Фариза Төреәлі.

Ол қасиетті мекенге жақындарымен бірге бару мүмкіндігі бұйырғанына шүкіршілік етіп, оқырмандарына да Меккеге баруды тіледі.

Желі қолданушылары блогердің жазбасына жылы пікір білдіріп, сапарының қабыл болуын тілеген.