Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында қайғылы оқиғадан кейінгі ауыр сезімін жеткізді.
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Ақтау маңында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында қайғылы оқиғадан кейінгі ауыр сезімін жеткізіп, қаза болған 18-19 жастағы сарбаздардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтты.
«Біздің Ақтауда көз жұмған 18-19 жасар інілерімді қимай жүрегім ауырып, айтуға сөз таба алмай отырмын.
Балалық кезеңнен енді ғана шығып келе жатқан кезде жап-жас ғұмырлардың осылайша үзіліп кеткені...
Қаза болған бауырларымыздың ата-анасына, туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Алла жүректеріңізге сабыр, өздеріңізге күш берсін.
Інілерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жандары жәннатта болсын.
Е Алла, құдіреті күшті Алла, інілерімді алдынан жарылқағайсың. Ешбір ата-ана баласының артында қалмасын...
Елімізде мұндай қасірет енді қайталанбасын.
Қош болыңдар, бауырларым», – деп жазды Димаш Құдайберген.