Қазақстандық актер әрі тележүргізуші Тәуекел Мүслім әкелік ұстанымы мен бала тәрбиесіндегі көзқарасы туралы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы ол «Отец» подкастында сөз қозғады. Актер бала күніндегі отбасылық қарым-қатынас тәжірибесі қазіргі әкелік ұстанымына әсер еткенін жеткізді.
«Өз әкем сияқты болғым келмейтініне 100 пайыз сенімдімін. Мен оған толықтай қарама-қарсымын. «Сен баласың, мен әкеңмін, сондықтан мені тыңдауың керек» деген түсінікті үзгім келеді», – деді Тәуекел Мүслім.
Актер ұлдарымен қарым-қатынаста бұйрық беруден гөрі сөйлесіп, түсіндіруге тырысатынын атап өтті. Оның айтуынша, бала өз тәжірибесі арқылы үйреніп, қателіктерінен сабақ алуы керек.
Тәуекел Мүслім соңғы жылдары эмоциясын ашық білдіре бастағанын да айтты. Әке тақырыбы қозғалғанда көз жасына ерік беретінін айтып, бұрынғы ішкі жарақаттарын біртіндеп еңсеріп келе жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ актер бос уақытын барынша балаларына арнауға тырысатынын айтты. Ол ұлдарының шаңғы тебуді, велосипед айдауды үйреніп, өз қорқыныштарын жеңіп жатқанын көру өзі үшін ерекше сезім екенін атап өтті.