$ 441.77 € 502.38 ₽ 5.23

«Үндемей қала алмаймын»: Жан Мұқанов есірткі қолданатын әншілер жайлы айтты

"Кім екенін айтпай-ақ қояйын". 

Фото: impresario.tv
Фото: impresario.tv

Продюсер Жан Мұқанов қазақстандық шоу-бизнестегі есірткіге тәуелділік мәселесін көтеріп, бұл тақырыпты ашық талқылайтын уақыт келгенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Ол шоу-бизнес саласында ұзақ уақыттан бері еңбек етіп келе жатқанын және соңғы кездері осы ортадағы есірткі мәселесіне алаңдай бастағанын жазды.

Продюсер алкогольді емес, әсіресе синтетикалық есірткінің таралуын қауіпті тенденция ретінде атап өтті.

«Мен қазір тіпті алкоголь туралы айтып отырған жоқпын. Синтетикалық есірткінің – мефедрон, "кристалл", стимуляторлардың қаншалықты жылдам таралып жатқаны мені әлдеқайда қатты алаңдатады», – деп жазды ол.

Мұқановтың айтуынша, есірткіге тәуелділік тек адамның өзіне ғана әсер етпейді. Оның айналасында белгілі бір орта мен байланыстар жүйесі қалыптасып, бұл жағдай басқа адамдарға да кері әсер етуі мүмкін.

Продюсер біреулер есірткі сатушымен байланыста болса, енді бірі оны жеткізумен айналысатынын, ал кей адамдар тәуелділіктің салдарымен күресуге мәжбүр болатынын айтты.

Оның пікірінше, мұндай жағдайдың салдарынан бір адамның ғана емес, ондаған адамның өмірі өзгеруі мүмкін.

Сонымен қатар Жан Мұқанов нақты адамдардың аты-жөнін атамайтынын жеткізді. Алайда әртістің айналасында үнемі түсініксіз жағдайлар қайталана берсе, оған назар аудару қажет екенін айтты.

«Егер әртістің айналасында үнемі сәтсіздіктер, жоғалып кету, оғаш мінез-құлық, орындалмаған міндеттемелер болса, содан-ақ түсіне беріңіздер», – деді ол.

Продюсер есірткіге тәуелділікті өнер иесінің жеке мәселесі ретінде қабылдауға болмайтынын атап өтті.

«Есірткі – мамандықтың бір бөлігі емес. Таланттың да, табыстың да бір бөлігі емес. Егер оның тәуелділігінен өзгелер зардап шегетін болса, бұл енді "әртістің жеке мәселесі" емес», – деп жазды Мұқанов.

Жан Мұқанов шоу-бизнес өкілдерін бұл мәселеге бейжай қарамауға шақырды. Оның сөзінше, бүгін назардан тыс қалған проблема кейін ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

«Индустрия үнсіз қалмауы керек», – деп түйіндеді продюсер.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жан Мұқанов Төреғали Төреәлімен жұмысын тоқтатқанын мәлімдеген еді. Продюсердің айтуынша, бұған әншінің Павлодардағы ипподромның ашылуына келмей, келісілген міндеттемелерін орындамауы себеп болған. Осыдан кейін Төреәлінің жоспарланған концерттері мен гастрольдік сапарлары тоқтатылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0