Түркі мәдениеттеріне арналған фестивальге сегіз елдің өкілдері қатысты.
Димаш Құдайбергеннің словакиялық және чехиялық жанкүйерлері Братиславада өткен Silk Road Fest фестиваліне қатысып, қазақстандық әншінің шығармашылығын таныстырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Түркі мәдениеттеріне арналған фестивальге сегіз елдің өкілдері қатысты. Шара барысында ұлттық музыка, дәстүрлер мен тағамдар көпшілік назарына ұсынылды. Dears ұйымдастырған ортақ стендте фестиваль қонақтары Димаштың әндерінің аудармаларымен танысып, QR-код арқылы оның шығармаларын тыңдады.
Сондай-ақ әншінің вокалдық диапазоны пернетақта арқылы көрсетілді. Балаларға қазақ және словак мәдениетіне арналған шығармашылық шаралар ұйымдастырылды. Фестиваль сахнасында словак және чех жанкүйерлері Димаштың шығармашылығы туралы айтып, оның «Unforgettable Day» әнінен үзінді орындады.
Көрермендерге әншінің DIMENSIONS әлемдік туры және Еуропадағы алдағы концерттері туралы ақпарат берілді. Шара барысында қонақтарға қазақтың дәстүрлі ұлттық тағамдары да таныстырылды.